Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыру саласына ерекше назар аударып, елдегі өзекті мәселелерді түбегейлі шешу үшін сандық өзгерістер қажет екенін атап өткен болатын. Президент: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет», – деген еді.
Осы бағытта С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті (Utebayev University) де жаңа бастамаларды қолға алып отыр. ЖОО-да Digital Week цифрландыру апталығы аясында Ресей Федерациясының Иннополис университетімен бірлесіп «Білім беру жүйесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу» тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды.

d6145e6a 4e8f 45a0 9026 d1d228b07a53

Іс-шара барысында университет ректоры Гүлзада Шакуликова сөз сөйлеп, білім беру жүйесін заманауи технологиялармен толықтырудың және жасанды интеллекттің әлеуетін пайдаланудың маңызына тоқталды.
Дөңгелек үстелге РФ Иннополис университетінің Жасанды интеллект институтының директоры Иван Никанов, Қосымша білім беру институтының директоры Екатерина Галиханова, Schlumberger компаниясының IT-департамент басшысы Айрат Исмагилов, JasUP жетекшісі Асқар Алдан, сондай-ақ Utebayev University-дің мұнай-газ факультетінің деканы Райхан Сүлейменова мен IT факультетінің деканы Шынар Коданова қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлердің баяндамаларында білім беру бағдарламаларын жаңғырту, жаңа мамандықтарды даярлау, мұнай-газ саласында генеративті жасанды интеллектті қолдану, киберқауіпсіздікті күшейту, предиктивті аналитика және цифрлық технологиялардың болашағы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Ашық пікірталас барысында қатысушылар жасанды интеллектіні білім беру процесіне тиімді енгізудің жолдарын қарастырып, нақты ұсыныстар әзірледі. Нәтижесінде университетте цифрлық білім беру технологияларын дамытуға, оқу процесіне жасанды интеллектті енгізуге бағытталған нақты қадамдар айқындалды.
Сонымен қатар, Utebayev University цифрлық білім беру мен заманауи технологияларды дамытуда тағы бір маңызды бастама көтерді. Университет пен Ресейдің жетекші IT жоғары оқу орындарының бірі – Иннополис университеті өзара ынтымақтастық аясында киберполигон ашу туралы келісімге келді. Жаңа киберполигон студенттерді заманауи киберқауіпсіздікке үйрететін алаңға айналып, IT саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларының орталығы ретінде еңбек нарығына қажетті жоғары білікті мамандар даярлауға үлес қосады. Бұл серіктестік – университеттің инновациялық дамуындағы жаңа белес болмақ.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button