АТЫРАУДАҒЫ ЖҮН ӨҢДЕУ ФАБРИКАСЫ

жылына бір мың тоннаға дейін шикізатты кәдеге асырмақ

Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында, «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарында экономиканың өнеркәсіп саласымен қатар, ауыл шаруашылығын да кешенді дамытып, өңдеуші секторды өрістетуге бағыт ұсталынып, тың міндеттер жүктелгендігі мәлім. Осы орайда, мал өнімдерін, соның ішінде оның жүнін өңдеуден өткізіп, пайдаға асыру мәселесіне де баса көңіл бөлінген. Соған сай жаңа өндіріс орындарын ашып, қолымыздағы байлықты көптің керегіне жаратуға үлкен мән берілуде. Бұл бағытта өңірімізде ойластырылып, жобаланған игі бастамалар да аз емес.

 

Өткен дүйсенбіде аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов «Индустрияландыру картасы» шеңберінде облыс орталығында бой көтере бастаған жүн өңдеу фабрикасын қажетті құрылғы-қондырғылармен жабдықтаушы итальяндық «VICOTEXSRI company» компаниясының өкілдерін қабылдады.

Қазіргі уақытта аталмыш нысанда жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайызға орындалған. Жобаның бастамашысы – жергілікті «Достан Ата» шаруа қожалығы, басқарушысы «Атырау ПОШ» ЖШС, қаржыландырушы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы болып табылады. Құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп, толық қуатына енген кезде мұнда жылына 1000 тоннаға дейін түйе мен қой жүні өңделеді. Таяу болашақта іске қосылатын кәсіпорын өндірісіне керекті негізгі шикізат –мал жүні қала маңындағы ауылдармен қоса, аудан елді мекендерінен де қабылданады. Сол мақсатта арнайы жинақтау орындарын ашу көзделген. Анығын айтқанда, бұл жұмыстар басталып та кеткен. Бастапқы өңдеу процестерінен өткізіліп, дайын өнім деңгейіне жеткізілген тауардың басты тұтынушылары да отандық тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындары болады деп күтілуде. Осылайша, Атырауда салынып жатқан жаңа фабрикадан шығарылған өнімдер «Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық акцияға қомақты үлес болып қосылмақ.

Алғашында, бастапқы өңдеу үрдісінің бірнеше кезеңінен, былайынша айтқанда, терең де сапалы өңдеуден өткізілген түлік жүні әрі қарай тоқыма фабрикасына жөнелтілгеннен кейін, әлгінде айтылғандай, оған бәсекелесуге тұрарлық тауарлар шығарылып, ұсынылады. Сөйтіп, алдымен мұнда жылына жалпы көлемі 400 мың қума метрге жететін жұмсақ түкті көрпе (одеяло) дайындап шығару межеленген. Келесі кезеңде, бұл жұмыстар одан әрі күрделеніп, нарыққа бейім өнім түрлері де көбейе түседі деген болжам бар.

Әлгінде тілге тиек қылғанымыздай, бұл күндері жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары мәресіне таяп та қалған фабрикаға керекті құрылғы-қондырғылар мен құрал-жабдықтар да жеткізіле бастаған. Мұндай үлкен шаруаны итальяндық компания мойнына алып, міндеттерін кестеге сай атқаруға жұмыстануда. Шетелдіктер әріптестеріне керек-жарағын жеткізіп берумен шектелмей, оларды тиісті орнына орнатып, құрастырып беруге де міндеттенген. Мұның өзі құрылысы еңсеріле келген нысанның белгіленген мерзімінде іске қосылып, көптің игілігіне берілуіне септесері сөзсіз.

Осының бәрі облыс әкімінің қабылдау сәтінде тараптар арасында өрбіген әңгіменің арқауына айналды. Аңғарғанымыздай, әзірге барлық шаруа да ойдағыдай оңғарылуда. Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы қазіргі қарқынына қарап, сәтті басталған жобаның межелі мерзімінде аяқталатындығына сенімділігін жеткізді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз