Жарнама
Жаңалықтар

Сабыр мен сыйластық жолы

Қазіргі заманда отбасы – тек жеке адамның тірегі ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Ақпараттық технологиялар мен жылдам өзгеретін өмір салты қоғамды әрқилы сынақтарға ұшыратса да, отбасы институты адамға сенім, махаббат, сыйластық пен жауапкершілік секілді өмірлік маңызды құндылықтарды үйрететін негізгі мектеп болып қала береді. Мерейлі отбасылардың тәжірибесі – жастарға үлгі, қоғамға берекет әкелетін өнегелі сабақ.

Осы тұрғыда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұзақ жылдық өмірлік тәжірибесі бар отбасыларды насихаттау және жас жұбайларға үлгі көрсету мақсатында ерекше іс-шара өтті. Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов Гауһар, Алтын және Күміс той иелерімен, сондай-ақ жас отбасылармен кездесті.

Іс-шара барысында Дарын Шамұратов қатысушыларды мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің атынан құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Ол өз сөзінде қазіргі қоғамда отбасының маңызы ерекше екенін, әр отбасы мүшесінің бір-біріне сыйластық пен түсіністік көрсету арқылы қоғамның берекесін арттыратынын атап өтті.

  –­ Отбасы – әр адамның өміріндегі ең басты тірек. Үйлену оңай, бірақ үй болу – үлкен жауапкершілік. Сабырлылық, төзім және махаббат – берік отбастың басты құндылықтары. Мерейлі отбастардың өмірлік тәжірибесі жастарға үлгі болуға тиіс. Бұл іс-шара мен облыстағы қолдау көрсетудің нәтижесі қоғамдағы отбасы институтын нығайту, жастарға өнегелі үлгі көрсету және мерейлі отбасылардың тәжірибесін дәріптеу , — деді әкім орынбасары.

–  Қазіргі міндет – жастарды отансүйгіштікке, отбасылық жауапкершілікке баулу. Өйткені, отбасының берік болуы – қоғамның тұрақтылығының кепілі, – деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов отбасылық өмірдің негіздері – үлкенді сыйлау, ұрпақ тәрбиелеу және мерейлі отбасының екі адам емес, бүтін бір әулет екенін атап өтті.

     Кездесуге қатысқан мерейлі отбасылардың өмір жолы – жастарға нақты сабақ. Жылыой ауданының Сауытовтар отбасы 60 жылдық бірлескен өмірін айтып, бірге өткерген қуанышты да қиын кезеңдерін еске алды.

 – Отбасын құру оңай, бірақ оны сақтау – үлкен жауапкершілік. Төзімділік пен сыйластық өмірімізді берік етті, – деді отбасы мүшелері. Индер ауданының Азановтар отбасы өз сөзінде отбасы институтының беріктігі мен ажырасуға қарсы тұрудың маңыздылығын айтты. Басқа мерейлі отбасылар да өмірлік сабақтары мен өнегелі істерін жастармен бөлісіп, отбасының қоғамдағы рөлін көрсетті.

   Қазір облыста 29 479 көпбалалы отбасы тіркелген. Олардың ішінде «Алтын алқа» – 3 826, «Күміс алқа» – 6 363, «Ана даңқы» – 200 және «Ардақты ана» – 322. Сонымен қатар, 5,9 мың ана бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы алып отыр, ал 4,5 мыңға жуық отбасы мүгедек бала тәрбиелеп отырғаны үшін мемлекеттен қолдау алады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button