Атырауда су тасқынына дайындық басталды

screenshot 4 Жаңалықтар

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөнінде жоспардан тыс комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде көктемгі су басудың алдын алу және қауіпсіздік шаралары қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, биыл облыс аумағында су басу қаупі жоқ, жағдай тұрақты.

– Қала және аудан әкімдіктерінің берген ақпараттарына сәйкес су тасқынының ықтимал салдарын жою үшін 22,5 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ және т. б.) және 29 мың 800 қапшық, 17 дана шатыр, 5294 дана кереует, 3660 дана төсек-орын жабдықтары дайындалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің нысаналы трансферттері арқылы республикалық бюджет есебінен төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін төмендету мақсатында өңірімізде 2021-2025 жылдарға арналған «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы іске асуда. Оның аясында Махамбет ауданы Махамбет және Алға ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Алайда Алға ауылында 2021 жылы реперлерді орнату кезеңінде жағалаудың 15-20 метрге ауытқуы анықталып, соның салдарынан жұмыстар тоқтатылды. Жайық өзенінің арнасының 15-30 м. өзгеруіне байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілуде,– деді Н.Жаңабаев.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменов облыстағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайы туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, Атырау облысында 31 гидротехникалық құрылыс тіркелген.

– Көптеген гидротехникалық құрылыстардың құрылысы өткен ғасырдың 60-80 жылдары жүргізілген. Олардың нақты тозуы 60%-дан жоғары, нәтижесінде  қауіпсіздігі мен сенімділігі күрт төмендеген. Сондықтан гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз және сенімді пайдалану, халықтың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруін болдырмау мәселелері айрықша өзекті болып табылады,-деді Т.Сүлейменов.

Жиын барысында Қайрат Нұртаев «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында Махамбет ауданы Алға ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер мекемесінің жұмысына сын айтты.

– Алға ауылындағы жұмыстарды жеделдетіңіздер. Геошпунт қағып үлгермесеңіздер, ескі әдіспен қаптарды дайындап, қазірден бастап қолға алыңыздар. Егер наурыз айына дейін геошпунт қағып үлгермесе, алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Биылдан бастап жағалауда қорғаныш болмайтын болса, өзен арнасы 13-14 метрге дейін ауытқыса, ауылға қауіп төндіреді. Осы бір айтып келмейтін табиғат құбылысына жан-жақты дайын болуымыз керек. Бұл осы жерде отырған барлығымызға сын. Халық пен елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сіз бен біз,-деді Қ.Нұртаев.

Комиссия отырысын қорытындылаған Қайрат Нұртаев жауапты сала мамандарына гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныш бөгеттерінен қар суы мен тасқын суды өткізу жұмыстарын пысықтауды, төтенше жағдай орын алған кезде тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру маршруттарын жасақтауды, жалпы дайындық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз