
Атырауда сазгер Ғиззат Бисеновтің «Өнерім – өмірім» атты кеші өтті
Республикаға белгілі жергілікті әуесқой сазгер Ғиззат Бисеновтің «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кеші атыраулық өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Ұлттық өнерді дәріптеуді, сазгердің сырлы әуендерін көпшілікке кеңінен насихаттауды мақсат еткен кештің шымылдығы Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы автордың «Арнау» күйімен ашылды. Көрермендер оркестрдің шебер орындауынан басталған әуенді ерекше ықыласпен қабылдады.

Бағдарлама аясында сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа еңбектердің – «Өнерім – өмірім», «Симфония стихий», «Ветер перемен» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туындылар автордың өнердегі ізденістерін айғақтап қана қоймай, шығармашылық әлеміне тың серпін беретін еңбектер ретінде бағаланды.
Кеште жергілікті өнерпаздармен қатар арнайы шақырылған қонақтар да сахна төрінде өнер көрсетті. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, ҚР Мәдениет қайраткері Аллаберген Жақсыбаев және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Марат Әйтімовтің қатысуы кештің мәнін арттырып, көрермен көңілінен шықты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



