
Атырауда «Сарайшық» коммуналдық базарында «Жеңілдіктер түні» өтуде
Республика күніне орай Атырау қаласында тұрғындар үшін азық-түлік өнімдері арзандатылған бағамен сатылуда. «Сарайшық» коммуналдық базарында ұйымдастырылған «Жеңілдіктер түні» акциясы жергілікті халықтың қызығушылығын тудырды.

Базар аумағында қолға алынған жәрмеңкеге облыстың барлық ауданынан келген 70-ке жуық кәсіпкер мен шаруа қожалықтары қатысып, өздерінің жергілікті өнімдерін — ет, сүт, балық, құс еті және өзге де азық-түлік түрлерін ұсынуда.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мұсағалиевтің айтуынша, жәрмеңкенің негізгі мақсаты — әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандырып, тұрғындарға тиімді бағада сапалы өнім ұсыну.
– Барлық өнім нарықтағы орташа бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылуда. Мұндай форматтағы жәрмеңкелер тұрғындарға қолжетімді бағада отандық өнім алуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, түнгі сауда форматы алдағы мереке күндері де жалғасын табады.
Отандық өнім өндірушілерді қолдау және тұрғындарға қолжетімді бағамен сапалы тауар алу мүмкіндігін жасау бағытында өтіп жатқан «Жеңілдіктер түні» акциясына келуші тұтынушылар да аз емес.

– Бүгінгі «Жеңілдіктер түні» акциясына Индер ауданынан келіп тұрмын. Атырау қаласына басқа шаруамен келіп, акция өтеді деген соң «Сарайшыққа» да ат басын тіредім. Қажетті азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алдым. Бүгінгі бағаның күнделікті нарықтан айырмашылығы бар екені байқалады. Мұндай акциялар тек мереке күндері емес, жиі ұйымдастырылса деген ұсынысым бар, – дейді Индер ауданының тұрғыны Айман Досанова.

Бүгін, 17 қазан күні сағат 18:00-де басталған «Жеңілдіктер түні» акциясы 23:00-ге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар атыраулықтарды мерекеге орай өткізілген жәрмеңкеге белсенді қатысуға шақырады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



