9c41b7d0 c0a6 4d11 87ef 0663c5286af3

Атырауда республикалық жеке домбырашылар байқауы басталды

Жаңалықтар

Atr.kz/15 қазан, 2019 жыл. Атырауда ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, дәулескер күйші, дирижер, композитор Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй-Ұран» атты ІІ республикалық жеке домбырашылар байқауы басталды. 

Аталмыш сайыс дәулескер күйшінің орындаушылық қасиетін, оның күйлерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, насихаттау және күйшілердің ерекше орындау шеберліктерін ұштау, жас өнерпаздарды осы өнерге баулып, домбыра тартудың қыр-сырын меңгертуді мақсатында қолға алынды. Аймақта екінші мәрте өткізіліп отырған күй додасын облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастыруда. 

Атырау өңіріне ат басын тіреген еліміздің өнер майталмандары мен байқау қатысушылары алдымен облыс орталығындағы күй қағанының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан әрі жеребе тарату рәсімі өткізіліп, байқаудың ашылуы облыстық халық шығармашылығы орталығында өтуде.  

Байқауға Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстарынан  барлығы 16 үміткер қатысуда. Қатысушылар конкурс шарты бойынша ІІІ кезеңде бақ сынайды.   Үш күнге жоспарланған байқаудың  екінші кезеңі ертең, соңғы кезеңі 17 қазанда өтеді. Соңғы сында қатысушылар оркестрдің сүйемелдеуімен  өнер көрсетіп, сол күні жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар анықталады.

Айта кету керек, күй сайысына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Карима Сахарбаева, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің, Абай атындағы мемлекетік академиялық опера және балет театрының дирижері Ерболат Ахмедияров, ҚР Мәдениет қайраткері Төлепберген Тоқжанов, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Роза Айдарбаева бастаған басқа да өнер майталмандары қазылық етуде.

Алтыншаш Құрмашева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған