Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Атырауда республикалық «Махамбет оқулары» байқауы өтуде

Атырау қаласында халқымыздың ұлы перзенті, өр рухты ақын, отаршылдыққа қарсы азаттық қозғалысының ұранына айналған Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арналған Республикалық «Махамбет оқулары» байқауы басталды. Биылғы шараға еліміздің 16 облысы мен 3 ірі қаласынан келген 100-ге жуық талантты оқушы қатысып отыр.

mahambet 1

Бұл дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – Махамбет рухын жас ұрпақтың бойына сіңіріп, оның жалынды жырларын дәріптеу, отансүйгіштік сезімді арттыру және ұлттық рухты жаңғырту. Ақынның өршіл поэзиясы арқылы жас буынды ел мен жер тағдырына бейжай қарамауға, ерлік пен елдікке баулу – осындай рухани шаралардың өзегі.

mahambet 2

Байқау биыл бес бағыт бойынша өтуде. «Ұлы арман» номинациясында қатысушылар ақынның жырларына иллюстрациялық суреттер салып, өз қиял-танымдарын көрсетеді. «Ел құтқарар ер едім…» бағыты бойынша оқушылар Махамбет шығармаларын жатқа оқиды. «Шашақты найза, шалқар күй» сайысында жас күйші өнерпаздар ақын күйлерін орындайды. Ал «Тартынбай сөйлер асылмын…» номинациясы жас ақындардың жыр бәйгесіне арналса, «Біз неткен ер, неткен ер!..» шығармашылық қорғау бағыты арқылы оқушылар зерттеу, эссе, сахналық көрініс секілді жұмыстарын ұсынады.

mahambet 3

Байқау аясында қатысушылар Атыраудың тарихи орындарын аралап, өңірдің мәдени-рухани мұрасымен танысады. Олар «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай-қорығында болып, бабалар ізі қалған киелі мекеннің тарихына қанығады. Сондай-ақ, облыстық өлкетану мұражайын, Махамбет пен Исатай батыр ескерткішін аралап, өңір өткенінен тағылым алады.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button