
Атырауда республикалық ақындар айтысы өтуде
Бүгін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты республикалық ақындар айтысы басталды.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен жыр додасының басты мақсаты – халқымыздың көнеден жеткен бекзат өнері-айтыс арқылы ана тіліміздің құдіретін паш ету, ұлттық өнеріміздің аясын кеңейту, еліміздің тарихынан тағылым алып, Тәуелсіз Қазақстанның Гимні мәтінінің авторы Жұмекен есімін ұлықтау. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген құндылықтарды дәріптеу, ұлттық болмыс пен отансүйгіштік рухты көтере отырып, халықтар достығын, еліміздегі береке — бірлікті және саяси тұрақтылықты дәріптеу.

Екі айналымнан тұратын айтысқа еліміздің өңірлерінен 12 ақын қатысып, бақ сынауда. Олардың қатарында Аруна Керімбек (Ақтөбе қаласы), Аян Ниязбек (Түркістан облысы), Иранғайып Күзенбаев ( Астана қаласы), Абзал Қабдыраш (Павлодар облысы), Жансая Мусина (Орал қаласы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), Нұрмұхаммед Байсүгіров (Қарағанды облысы), Бейбіт Байжігіт (Маңғыстау облысы), Ақбота Манарбек ( Алматы облысы), Серікбол Панабердиев, Батыржан Кәдірбай (Атырау облысы), Жәнібек Садыров (Атырау қаласы) бар.
Жыр додасына түскен ақындар жұбына 25-30 минуттан уақыт белгіленді. Тақырыпты аша білген, өлең ұйқасына, тақырып тереңдігі мен суырып салмалық қасиетін көрсеткен ақынға, басымдық беріледі. Айтыс аламанына қатысушы үміткерлерді аға буын айтыскер ақындар мен филолог ғалымдардан құралған қазылар алқасы бағалайды.

Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерманов төрағалық етсе, оның құрамына Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерманов төрағалық етсе, оның құрамына Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов, танымал айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжанов, талай сында шыңдалған айтыс өнеріндегі танымал тұлғалардың бірі, Қазақстанның құрметті журналисі Серік Құсанбаев, есімі елге белгілі атыраулық айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» Атырау облысы филиалының төрағасы, мәдениет қайраткері Саадат Нұрманов, айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, сарапшы Өміржан Көпбосын енді.

Бұл күні Ш.Сариев атындағы өнер музейі айтыс тақырыбымен үндес суреттер көрмесін, сонымен қатар Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымы көркем әдебиеттер көрмесін көрермен назарына ұсынды.
Қазылар алқасының мүшесі Саадат Нұрманов: — Бүгін Атырауда өтіп жатқан республикалық айтысқа бұған дейін де талай мәрте алқалы топ алдында талантымен танылып, бәйгенің алдын бермей жүрген дарабоздар қатысып, тағы да мықтылығын көрсетіл, мықтылығын байқатуда. Сол себепті, айтыс аламанына түскен сайыскерлердің арасынан шын жүйріктердің анықтаудың оңайға түспеді белгілі. Сондықтан да кең байтақ еліміздің әр өңірінен сол жердің намысын қорғай келген, бәйгеге қосқан тұлпарларына жеңіс пен сәттілік тілеймін. Шашасына шаң жұқтырмас арқалы ақындардың өнерін қазылар алқасы лайықты бағалайды деген сенімдемін,-деді.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор


