
Атырауда қысқы маусымға дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?
Аймақта төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жоспарлы комиссия отырысы өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев төрағалық етіп, күн тәртібінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жылыту маусымына дайындығы, автожолдарды қысқы кезеңге әзірлеу, өрт сөндіру бекеттерін құру, азаматтық қорғау қызметтерінің әзірлігі және тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, өңірде тіршілікті қамтамасыз етуші нысандар жылыту маусымына дайындығы аяқталуда. 406 білім беру ұйымы мен 155 денсаулық сақтау мекемесі толық дайын. 1793 көпқабатты тұрғын үйлер 98% дайын. Жоспарланған 29,5 шақырым жылу желілері (Атырау қ. — 4,8км, Жылыой ауд. — 7км, Құрманғазы ауд. — 1,5км, “АЖЖ” ЖШС — 16,1 км), 9,9 шақырым су құбыры және кәріз желілері, 339,6 шақырым электр желілері толық орындалды.

«Атырау жылу электр орталығы» ЖШС 3 жылу агрегаты мен 2 турбоагрегатты жөндеуді жоспарлап, бүгінде негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Сондай-ақ Нұрсая ықшамауданында 66 шақырымдық электр желісін жаңарту жұмысы жалғасуда және қуаттылығы 32 МВт болатын «Нұрсая-Самал» қосалқы станциясының құрылысы аяқталды. Қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метрді құрайтын №5 су сүзгі стансасы іске қосылып, Атырау қаласы мен Мақат ауданы үздіксіз ауыз сумен қамтылды.
Сонымен қатар өңірде 22 өрт сөндіру бекеті бар. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 12 бекет қайта жаңғыртылып, 8 елді мекенде жаңа өрт сөндіру бекеттерін ашу қажеттілігі бар екендігі анықталған. Жыл соңына дейін Сүйіндік ауылындағы өрт сөндіру депосы іске қосылады. Оған қоса Ақжайық бекеті реновациядан өтіп, үш жаңа бекет (Жанбай, Х. Ерғалиев, Ақкөл ауылдарында) ашылады.

Осы сияқты облыста 17 азаматтық қорғау қызметі жұмыс істейді. Жыл басынан бері «Көктем-2025», «Өрт-2025», «Жер-2025» республикалық оқу-жаттығулары өткізіліп, өңірдің төтенше жағдайларға дайындық деңгейі тексерілді. Қараша айында «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұхамбеталиев бүгінде облыстық маңызы бар жолдардағы шұңқырларды жамау, шөп шабу, қар ұстағыш орнату және су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді. Қысқы күтімге 148 арнайы техника, 535 тонна инертті материал және 38 тонна жанар-жағармай дайындалды.
Ал республикалық маңызы бар жолдар бойынша «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы қысқы кезеңге толық дайын екенін жеткізді. 6100 текше метр құм, 3800 тонна техникалық тұз, 43 арнайы техника және қосымша 3 КДМ техникасы әзірленген. Қар басу қаупі бар 76 учаске анықталып, тиісті жол белгілері орнатылады.
Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллиннің айтуынша, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үй секторында 75 өрт тіркелді. Соның салдарынан 5 адам қайтыс болып, 2 адам жарақат алды. Қызыл жалынның негізгі себептері – электр желісінің қысқа тұйықталуы мен отты абайсыз қолдану.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында газ талдағыштарды орнату жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 346 түтін датчигі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен күшейту қажет.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру мақсатындағы барлық шараны уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды.
– Қысқы кезеңде тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың тұрақты жұмыс істеуі – халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстарды мұқият бақылап, әрбір сала бойынша дайындықты уақытында аяқтау маңызды. Осы жиында айтылған мәселелер хаттамаға толтырылып, белгіленген мерзімде толық орындалуы тиіс, – деді Қ.Нұртаев.



