АТЫРАУДА «МҰҚАҒАЛИ» ФИЛЬМІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

fbf7ca5c 7b5f 427d b034 cc8f864abb70 Жаңалықтар

“Мұқағали”  фильмінде басты рөлді жерлесіміз, театр актеры Асланбек Жанбалаев сомдады,  деп хабарлайды atr.kz

Жұртшылық назарына жаңадан жол тартқалы отырған фильмнің алғашқы көрсетіліміне бас режиссері Болат Қалымбетов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Айдархан Әділбаев және басты рөлді сомдаған актер Асланбек Жанбалаев келді. Көрсетілімге зиялы қауым өкілдері, бір топ өнер майталмандары, ақындар мен актердің туыстары шақырылды.

Фильмде Мұқағали ақынның күйзеліске толы өмірінің соңғы жылдары туралы баяндалады. Мұқағали Мәскеудегі оқуын тастап, Алматыға оралады. Отанына келгеннен кейін ол ұлының Мағжан Жұмабаев өлеңдерін насихаттағы үшін «ашық саяси ұстанымы бар» деген желеумен қамауға алынғанын естиді. Мұқағали жасөспірім ұлының бостандығы үшін күреседі. Алайда, оның дәрмені жетпеді, барлық күш-жігері бекер кетеді. Екеуі де сталиндік жүйенің құрбанына айналады. 

Фильм соңына қарай Мұқағали ақын ұлын психикалық ауруханадан мүгедектер арбасына таңылған науқас күйінде шығарып алады.  Оған қоса, сабақтан келе жатқанда қызы да жол апатынан қайтады. 

Бір баласынан тірідей, екіншісінен өлі күйде айырылу жаны нәзік ақынға үлкен соққы болып тиді. Ақын жан азабын шегеді, өйткені оның жанын түсінетін ешкім табылмады. Ғұмырының соңына қарай көпшіліктен жырақтап, жалғыз жүруге тырысқан. Достан да, жардан да жанына демеу болар жан таппаған Мұқағали ақын күйзелістен ауруға шалдығып, қырық бес жасында аурухана төсегінде қайтыс болды.

– Қазақ халқының көрнекті ақыны Мұқағали жерлесім болғандықтан ақынның өмірі туралы фильм түсіруді көп ойладым. Ақын туралы фильм идеясын 16 жыл бойы көтердім. Мұқағали ақынды өмірінің соңына дейін билік қолдамады,  шығармалары жоғары деңгейде ол қайтыс болғаннан кейін ғана насихатталды.

Ал, Мұқағали рөліне келетін болсақ, алдын ала кастинг өткіздік. Іріктеуден алғашында төрт актер өтті. Тек соңғы сәтте ғана Асланбек Жанбалаев бекітілді. Оның кандидатурасын арнайы комиссия қарады. Ол – расында, талант. Кинода жәй ойнамайды, “өмір сүреді”, – деді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.

Болат Қалымбетов атыраулық актерге өзге қазақстандық режиссерлер де қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Атыраулық көрермендердің көпшілігі фильмге риза болып, өз әсерлерін білдірді.

– Менің көз алдымда 1972-1973 жылдары «Жұлдыз» баспасындағы жұмыстасым Мұқағали Мақатаев қайта өмірге келгендей болды. Оның қара шапаны, жүрісі, таза және мөлдіреп тұратын көздері бәрі-бәрі шынай көрініс тапқан. Бұрында да болған, қазір де бар кейбір қызғаншақ, іші тар адамдардың бейнесі де фильмде өте жақсы келтірілген.

Дегенмен,  кейбір эпизодтармен келісе алмаймын.  Мәселен, Мұқағали мен Фариза арасында махаббат болды деуі артықтау секілді, – деді  ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Фильмнің түсірілімі Өскемен, Алматы және Санкт-Петербургте өтті. Әсіресе,  Өскеменде фильм түсіріліміне қажетті трамвай қозғалысы қайта жанданды.

abb12245 71b9 4638 8a39 1fab2c2a885a

– Ұлы ақынның бейнесін жеткізу оңай болған жоқ. Мұқағали халықтың жүрегінде ерекше орын алатындықтан, жұртшылықтың сүйікті ақынын жоғары деңгейде сомдауда үлкен жауапкершілікпен дайындалдым.

Оның өлеңдерін көп оқыдым. Өр мінезді ақын бейнесін жасау үшін шашымды, түрімді өзгертуге тура келді. Түсірілім үшін 6 келі салмақ тастадым,- деді фильмде басты рөлді сомдаушы Асланбек Жанбалаев. – Түсірілімге кіріспес бұрын, біз ақынның көзі тірісінде көрген адамдармен, оның жерлестерімен, достарымен кездестік, мұрағаттарды қарадық. Нәтижесінде, Мұқағали көзі тірісінде айта алмай кеткен дүниелерді жеткізе алдық деп ойлаймын.

4c7ee9c4 6352 407b bf4a 863e886a9067

Атыраулық көрермендер «Мұқағали» фильмін 23 қазаннан бастап Сәтпаев даңғылы, 17 А мекенжайындағы «Kinoplexx» кинотеатрында көре алады.

Айта кетейік, фильмнің түсірілімі 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған. Жалпы бюджеті – 640 миллион теңге.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз