
Атырауда мемлекеттік қызметшілер диктант жазды
Бүгін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде мемлекеттік тілді қолдау және сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында «Ұлттық диктант» жалпы республикалық акциясы өтті. Ауқымды шараға облыс бойынша 150-ден астам мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға арнайы диктант парақтары таратылып, нұсқаулыққа сәйкес үш кезеңнен тұратын диктант жазу процесі өтті. Диктантты ана тілінде жазуды таңдаған қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Оқу жайы» атты мақаласынан үзінді жазды. Ал қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгерген қатысушылар «Отан» тақырыбындағы шағын шығарманы жазды.

Диктант кезінде мәтін әр сөйлемнен кейін үзіліс жасай отырып, баяу оқылды. Қатысушылар соңында өз жазбаларын экраннан көрсетілген түпнұсқамен салыстырып, қателерін өздері тексерді. Акция соңында қатысушылардың жазбалары жиналып, жалпы статистикалық талдау үшін пайдаланылатыны хабарланды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, қазақ тілінің дамуы мен мәртебесін арттыру әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



