WhatsApp Image 2019 08 21 at 15.13.00

Атырауда Конституция күніне орай Исатай-Махамбет атындағы орталық алаң ашылады

Жаңалықтар Шаһар шырайы

Atr.kz/21 тамыз, 2019 жыл. Мұнайлы астанада Конституция күні қарсаңында облыс орталығының қонақтары мен тұрғындары үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Ауқымды реконструкциялық жөндеуден өткен орталық алаң 29 тамыз күні, сағат 20.30-да салтанатты түрде ашылады. Концерттік бағдарламаға Д.Нұрпейісова, Н.Жантөрин және Құрманғазы атындағы мәдени ошақтардан академиялық оркестр ұжымдары қатысады. Сонымен қатар, 29 тамыз, сағат 16. 00-де Махамбет Өтемісов атындағы облыстық академиялық драма театрында, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Конституция – еліміздің тірегі» атты гала-концерті өтеді. Шараның басты қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада және опера әншісі Толқын Забирова.

Келесі күні, 30 тамызда 19.00-де Ретро-саябақта «Тәуелсіздік тірегі – Ата Заңым» атты мерекелік концерт өтеді.

Бұған дейінгі іс-шаралар төменде көрсетілген кестеге сай, ауылдық округтерде және қаланың кітапханаларында ұйымдастырылады.

26 тамызда сағат 10.00-де Жаңаталап ауылында «Конституция – ол біздің бугініміз бен ертеңіміз» атты көрме-панорама;
27 тамызда сағат 11.00 – Геолог к / зінде «Ардың шыңы – Ата Заң» атты дөңгелек үстел;
27 тамызда сағат 15.00 – Бесікті ауылында «Ата Заң – Алаш мұрасы» поэзия кеші;
28 тамызда сағат 11.00 – №1 қалалық орталық кітапханада «Конституция – заңдылықтың кепілі» атты құқықтық сауаттылық сабағы;
28 тамызда сағат 11.00-де №2 қалалық орталық кітапханада «Ата Заңым – ардақтым» атты кітап көрмесі және «Айбарым, асқар елді асқақтатар Ата Заң» қойылымы;
29 тамыз сағат 11.00 – Еркінқала а / к-да «Конституция – азаттықтың айшықты айнасы» тақырыптық кеші;
30 тамызда 11.00 – Бірлік ауылында «Конституция – азаттықтың айшықты айнасы» атты дөңгелек үстел өтеді.

Мерекелік іс-шаралар сериясын аяқтай отырып, 1 қыркүйекте сағат 18.00-де Исатай-Махамбет алаңында қазақстандық мұнайдың 120 жылдығына орай «Open air- 2019» заманауи музыка фестивалі өтетінін хабарлаймыз! Кеш қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтеді.

Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған