Атырауда дизель отыны неге лимитпен беріледі?

snimokee Жаңалықтар

Бүгінде облыстағы жанармай құю бекеттерінде дизель отыны лимитпен беріледі. Мұның себебі неде? Аймақта жанармайға байланысты тапшылық бар ма? Мәселенің мәнісін білу мақсатында тиісті саланың жауапты өкілдеріне хабарласып көрген едік.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Анар Ахметованың айтуынша, қазір қорда 2735 тонна дизель бар. Оның литрінің орташа бағасы 207,2 теңгені құрайды.

– Облыс бойынша 108 жанар-жағармай бекеті бар. Оның 60-ы Атырау қаласында орналасқан. Қала бойынша ірі мекемелерде таллон картамен немесе бір көлікке 50-100 литр көлемінде шек[1]теу қойылған, – дейді маман.

Қазіргі қалыптасқан жағдай күзгі науқандық жұмыстар – егін-терім уақытына, жанармайға сұраныстың артуына байланысты туындаған. Өйткені, ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы дерлік дизельмен жүретіні белгілі. Басқарманың жауапты өкілдері қор таусылғанның өзінде аймақта тапшылық болмайды деп отыр. Себебі, Атырау мұнай өңдеу зауыты күн сайын өндірген өнімін сатылымға шығаруда екен. Бүгінгі күннің мәселесіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытына да хабарласып көрдік. Кәсіпорынның баспасөз қызметі берген баспасөз релизінде өндірістік жоспарға және ішкі нарықтың сұранысына сәйкес, –5 градуста қатпайтын маусымаралық дизель отынын шығаруға технологиялық қондырғыларды дайындау жүріп жатқандығы айтылған.

«Бұл өнім ауа температурасы 5 градустан төмендемейтін маусымаралық кезеңде тұтынуға арналған. Зауытта қайта жаңғырту жобасы шеңберінде салынған жаңа технологиялық қондырғылардың нәтижесінде 2019 жылы К4 экологиялық класына жататын дизельдің (ДТ-Е) осы түрін өндіру басталды. Ауа температурасы төмендеген кезде дизель отынының –15, –25, –32 және Khazar-38, Altay-45 секілді түрлерін шығаруды бастайды» деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.

Биылғы қыркүйекте Энергетика министрлігі ішкі нарықты дизель отынымен қамтудың күрделі жағдайына байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізілетін ағымдағы жөндеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты биылғы 8 айда 1 027 123 тонна дизель отынын өндірді. Бұл былтырғы осы кезеңдегімен салыстырғанда 10,5 мың тоннаға артық. Зауыт 8 айда тапсырыс берушілерге 1 млн. 032 мың тонна дизель жіберді. Бұл өткен жылғыдан 13 мың тоннаға артық. Биылғы 5 мамырда дизель отынының тауарлық паркінің резервуарлары іске қосылды» деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Жуырда Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отын дағдарысының себептерін түсіндіріп берген еді. Ол тамыз айынан бері дизельдің қоры төмендегенін, өйткені, ол кезде астық жинау науқаны басталып кеткенін баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, бұл тапшылыққа бағаның айырмашылығы да әсер етіп отыр. Мәселен, Қазақстан мен Ресейдегі дизель отынының бағасы бірдей емес. Оның айырмашылығы 90 теңгені құрайды. Қырғызстан мен Өзбекстанда 70-80 теңгеге қымбат. Сол себепті де жүк көліктері оны Қазақстаннан құйып алуға ұмтылатыны анық.

 – Мәселені шешу үшін Ресейден қосымша дизель отынын сатып алуға шешім қабылданды. Мен орынба[1]сарымды Мәскеуге жібердім. Ол кәсіпкерлермен бірге Ресейдің энергетика министрлігінде зауыттармен келіссөз өткізді. Қазір көрші елден дизель отыны келе бастады. 1-20 қыркүйек аралығында елге 5 мың тонна дизель ғана кірсе, соңғы бір аптаның ішінде 15 мың тонна жеткізілді, – деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз