
Атырауда «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі арқылы 53 мың жүк көлігі өтті
Жыл басынан бері «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисі арқылы ЕАЭО елдерімен шекарадан 53 мыңнан астам жүк көлігі өткен. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық одағы шеңберінде қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасының басшысы Мирамбек Шманов баспасөз брифингінде мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жүйе «Құрманғазы» автомобиль өткізу пунктінде 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап енгізілді. Оның басты мақсаты – тасымалдаушыларға электронды кезекті алдын ала брондау және құжаттарды автоматтандырылған түрде тексеру мүмкіндігін беру.
-«CarGoRuqsat» сервисінің тиімділігі – шекарадан өтудің жеделдігін арттыру, көлік кептелістерінің алдын алу және процестердің ашықтығын қамтамасыз ету. Жүйе арқылы жүргізушілер кезекке онлайн тіркеліп, қажетті деректерді алдын ала енгізе алады. Бұл тасымал ағынын реттеуге мүмкіндік береді, – деді М.Шманов.
Электрондық кезекті брондау үшін https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі арқылы тіркеліп, шекарадан өту күні мен уақытын белгілеу қажет. Өтінім мақұлданғаннан кейін тасымалдаушылардың өткізу пунктіне уақытылы келуі міндетті.
«CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі бұған дейін Қазақстанның Қытай, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекарасында іске асырылып, оң нәтиже көрсетті. Жүйе отандық мамандардың қатысуымен әзірленген. Электронды кезекті брондау көлік түріне қарай 1 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ақылы болады.



