
Атырауда бағдаршамдар “ақылды жүйеге” көшірілуде
Атырау қаласында жол қозғалысын реттеу жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр.
Әлеуметтік желілерде кейбір тұрғындар кей қиылыстардағы бағдаршамдарда “қызыл плюс” секциясының жоқтығын айтып, шағым білдірген болатын. Осыған байланысты жауапты мамандар қосымша секцияларды орнату жұмыстары жоспарлы түрде іске асырылып жатқанын мәлімдеді.
Биыл 23 қазанға дейін Берғалиев–Амандосов және Өтемісов–Уәлиханов көшелерінің қиылыстарында қосымша секциялар орнатылды. Жалпы, қала бойынша 78 бағдаршам нысанын жаңғырту жоспарланған.
Жаңа кешендер көлік қозғалысының тығыздығына қарай жұмыс режимін автоматты түрде реттейтін заманауи бағдарламамен жабдықталады. Бұл өз кезегінде “ақылды бағдаршам” жүйесін енгізіп, жолдардың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, қазіргі “қызыл плюс” секциялары біртіндеп “жасыл плюс” сигналымен алмастырылмақ. Қазақстанның өзге қалаларында пилоттық режимде енгізіліп жатқан бұл өзгеріс жүргізушілер үшін сигналды барынша түсінікті етуді көздейді.
Айта кету керек, “плюс” секциясының мәні өзгермейді — ол бұрынғыша қарсы бағыттағы қозғалысқа қызыл жанғанын және оңға бұрылуға рұқсат берілгенін білдіреді.
А.ҚҰРМАШЕВА


