Атырауда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері «Ashyq» жобасына қатысты сауалдарға жауап берді

snimok 4 Жаңалықтар

Бүгінде облыстағы қоғамдық орындардың көпшілігі «Ashyq» жобасын қолдану арқылы қызмет көрсете бастады.

Бұл – санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мақсатындажасалып отырған шара. Дегенмен, жаңа жүйені пайдалануға байланысты кәсіпкерлер және тұрғындар арасында көптеген сұрақтар туындай бастады. Осыған орай, өткен аптада «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалы алаңында мемлекеттік жауапты орындар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, «Ashyq» жоба-сына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

– Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 29 шілдедегі No33 қаулысына сәйкес, ендігі жерде кәсіпкерлік объектілер «Ashyq» жобасына тіркелген жағдайда ғана қызмет көрсете алады. Олардың таңертеңгілік сағат 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс жасауына рұқсат етіледі. Ал, «Ashyq» жобасындағы көшбасшылардың қызметтік уақыты 22:00-ге дейін ұзартылады.

Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына қатысатынына қарамастан букмекерлік кеңселердің қызметіне және көрермендердің қатысуымен өтетін спорттық шаралардың ұйымдастырылуына тыйым салынады, – деді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Қадыржан Оразғалиев. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Еркінбек Қарекешовтің айтуынша, бүгінде облыста «Ashyq» жобасына 7 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Соның нәтижесінде олар өз жұмыстарын толыққанды жүргізіп отыр.

– Барлық санитарлық талаптарды сақтап, «Ashyq» жобасы арқылы қызмет көрсетілсе кәсіпкерлердің жұмыстарына ештеңе кедергі болмайды. Алдағы уақытта, өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдай жақсарса жоба көшбасшыларына демалыс күндері де жұмыс істеуге рұқсат беру тетіктерін қарастырып жатырмыз, – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Еркінбек Қарекешов.

«Ashyq» жобасының көшбасшылары кәсіпкердің QR кодтар арқылы қанша адамды тіркегендігінен анықталады. Әр қызмет түріне бөлек қызмет көрсету критерийлері көрсетілген. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары екі аптада 2 мыңнан астам адамды QR коды арқылы қабылдауы керек. Осы шарт орындалған жағдайда ол көшбасшы атанады. Яғни, Атырау «қызыл» аймақта болғанымен көшбасшылар «сары» аймақтың талаптарымен жұмыс жүргізе алады. Ал, екі апта ішінде QR кодтары мүлдем соғылмаған немесе 20 адамнан кем өткізілген кәсіпкерлер екі аптаға бағдарламадан шығарылады. Қазіргі күні QR кодтарды дұрыс қолданбаған 35 кәсіпкер анықталып отыр.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Атырау филиалы директоры Абдолла Идресов кәсіпкерлердің «Ashyq» жобасына тіркелуі еш қиындық туғызбайтынын айтады. Ол үшін үй жағдайында ЭЦП кілті арқылы базаға тіркеледі. Берілген QR кодты нысанның кіреберісіне ілу арқылы өз қызметіне кірісе алады. Жобаға қатысты қойылған сұрақтарға қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов те жауап берді.


Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз