
Атырауда әскери байланысшылар ұлықталды
31 қазан – Қарулы күштер құрамындағы әскери байланысшылардың кәсіби мерекесі. Осы датаға орай Атырау гарнизонына қарасты әскери бөлімдерде салтанатты жиын өтіп, ел қорғанысында абыройлы қызмет атқарып жүрген мамандарға құрмет көрсетілді.

Мерекелік шара барысында 42321 әскери бөлімінің командирі, майор Әміржан Қалымжанов пен қосалқы командалық пунктінің бөлімше бастығы, кіші сержант Ұлпан Жанекешова марапатталды.
– Байланыс әскерінің міндеті командалық басқару жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Бұл кез-келген әскери құрылымның сенімді тірегі. Біз үшін әрбір жауынгердің дайындық деңгейі мен жауапкершілігі маңызды. Сондықтан бұл марапат жеке менің емес, барша байланысшылар ұжымының еңбегіне берілген баға, — деді майор Әміржан Қалымжанов.

Сондай-ақ қосалқы командалық пунктінің бөлімше бастығы, кіші сержант Ұлпан Жанекешова марапат сәтіндегі толқынысын жасыра алмады.
– Байланыс қызметі көзге көрінбейтін, бірақ жауапкершілігі мол жұмыс. Әр тапсырманың дер кезінде орындалу керек. Бүгінгі марапат мен үшін жауапкершілікті еселей түседі, — деді ол.

Айта кетейік, байланыс әскерлері Қарулы күштердің басқару жүйесінің өзегін құрап, әскердің күнделікті қызметі мен жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуде айрықша роль атқарады. Заманауи әскери құрылымның тиімділігі мен табысты іс-қимылы да байланыс жүйесінің қызметіне тікелей байланысты.

Майра ЕРҒАЛИ



