Атырауда анасы 13 жасар қызының тұрмысқа шығуына келісімін берген

200827172214017e Жаңалықтар

Atr.kz/30 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысында анасы 13 жасар қызының тұрмысқа шығуына келісімін берген.

Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Онда 13 жасар қыздың Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылының 2002 жылғы тұрғынына тұрмысқа шыққаны айтылған.

«Атырау қаласында тұратын кәмелетке толмаған қыз былтырғы желтоқсаннан бері Қызылқоға ауданының жігітімен кездесе бастаған. Арада бірнеше ай өткенде отбасын құру жөнінде шешім қабылдаған. Қыздың анасы келісімн берген. Қызылқоға аудандық ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері кәмелетке толмаған қыздың анасын шақырып, жасөспірімді дәрігерлік тексеруден өткізді.

Аудандық аурухана дәрігерлері 13 жасар қыздың жыныстық қатынасқа түспегенін, денесінде жарақат жоғын анықтады. Жас жұппен, олардың ата-анасымен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу ҚР Қылмыстық Кодексінің 122-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасалды» деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір 13 жасар қыз үйіне оралды. Енді ол оқуын жалғастырады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 24 жастағы ауыл тұрғыны мектептен ноутбук ұрлап келгенін хабарлап едік.

«ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз