
Әлеуметтік қызметкерге — лайықты құрмет
Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіліп келеді. Осыған орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелерін облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы құттықтады.

– Бұл мереке – осы салада қажырлы еңбек етіп, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға қызмет көрсетіп, халық игілігіне аянбай қызмет қылып жүрген жандарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі. Осы тұрғыдан келгенде, құрметті сала қызметкерлері және ардагерлері, өздеріңізге деген ризашылығымыз шексіз. Мерекелеріңіз құтты, қолға алған әр істеріңіз сәтті, бастамаларыңыз баянды болсын, – деді ол.

Салтанатты жиын одан әрі мерекелік марапаттау шараларымен жалғасты. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Гүлшат Жұмағалиева «Ерен еңбегі үшін» медалімен, халықты әлеуметтік қорғау саласының ардагері Балдай Өтеғалиева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, қызметінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, әріптестеріне үлгі болып жүрген кәсіби мереке иелерінің бір тобы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен ұлықталды.
Бұдан бөлек, салтанатты шара соңында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мақсатында ұйымдастырылған «Еңбек жолы» облыстық конкурсының жеңімпаздарының есімдері аталды. Нәтижесінде, атыраулық Шандиевтер отбасы – «Үздік еңбек әулеті», жылыойлық Айбар Аманжолов – «Өндірістің үздік жас маманы», Мейрамгүл Жолаева (Атырау қаласы) – «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинацияларының жеңімпаздары атанып, аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



