Атырауда алаңдар жаңғыртылмақ

adee14b5786e385e07fc8feb5a5044cb Жаңалықтар

Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. Бүгінде Атырауда қала инфрақұрылымы нысандарының құрылысы қарқын алған. Мұның өзі мұнайлы шаһардың шырайын кіргізіп, сыртқы келбетін жақсартып, қала тұрғындарының жайлы тұрмысы мен демалысын қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

 Осылайша, таяуда ғана қаладағы Құрманғазы алаңы мен Смағұлов аллеясында ре­конструкциялау жұмыстары бас- талды. Бұл нысандарды демон­таждау шаралары өткен жылдың күзінде жүзеге асырылған бола­тын. Атап айтқанда, мұндағы тро­туар төсемдері мен жиектастар, орындықтар мен урналар орны­нан алынып, клумбалар бірыңғай формаға келтірілді.

Тапсырысшысы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі болып табылатын жоба шеңберінде белгіленген жұмыстарды атқаратын мердігер мекеме – «Нұр-Бер» ЖШС.

Серіктестіктің өкілі, құрылыс учаскесінің бастығы Талғат Баймурзиннің айтуынша, құрылысшылар жұмысқа сәуір айының соңында кірісіпті. Қазіргі уақытта Құрманғазы алаңындағы осыған дейін салынған өрмелі төсемтастар ауыстырылып жатыр. Онымен қоса, гүлдер отырғызатын клумбалар да қайта жасақталуда. Келесі кезекте, жаңадан орындықтар орнаты­лып, жанына урналар қойылады. Одан соң көгал төселеді. Сол сияқты, ескерткіштің айнала­сында да көптеген жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған. Алдымен бұл жердегі ротонд- күркелер жөнделіп, ескерткіштің аумағы гранит тастармен әрленеді.

Сонымен бірге, оның артындағы барельефтік қабырға да заманауи дизайн­мен безендіріліп, жаңартылады. Мердігер ұйымның өз бастама­сымен алаңға сары түсті, көзге әдемі көрінетін тактильдік пли­талар төселеді. Мұның өзі жал­пы қалалықтар үшін, соның ішінде көру қабілеті нашар, зағип жандардың жүріп келе жатқан жолын бағдарлауына ыңғайлы көрінеді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар орнату да жобада қарастырылған.

Тұтастай алғанда, алаңға төселетін өрмелі тастардың (оның өзі 2-3 түрлі түстен тұрады) жалпы ауданы 6000 шаршы метр- ден асады. Айтпақшы, жаяу жүргінші жолына Атырауда өндірілген плиталар салына­ды. Оған қоса, құрылысшылар жақын маңдағы балалардың ойын алаңқайы мен көпқабатты үйлердің ауласында орналасқан шағын скверді де абаттанды­руды мойындарына алыпты.

Ал, осындағы жасыл-желекті суару жүйесін автоматты су­ландыру желісімен алмасты­ру көзделген. Осы мақсатта, алаңның шетіне әрқайсысының сиымдылығы 22 текше метрлік екі резервуар қойылады. Яғни, бұдан былай су бұрынғыдай арнаулы автокөлікпен тасымал­данбайды. Жалпы, Құрманғазы алаңын жаңғырту бағытында жоспарланған жұмыстар шілде айының соңына қарай аяқталады деп күтілуде.

Дәл осындай жұмыстар бүгінде қарсы беттегі Смағұлов аллеясын­да да жалғасын тапқан. Нақтылай кетсек, мұнда да бірінші ке­зекте ескі өрмелі төсемтастар жаңасымен ауыстырылып, басқа да жобада қарастырылған нысандарды кезең-кезеңімен жүргізуге бағыт ұсталынған.

Сондай-ақ, субұрқақтар мен түнгі жарықтандыру шамдарын жаңаша жүйеде қалпына келтіру де жоба жаңалықтарының бірінен саналады. Екі нысан бойынша барлығы 30-дың үстінде адам, бірнеше бірлік техника жұмысқа тартылған. Және бір білгеніміз, мердігер мекеменің биылғы жұмыс жос- парында қаланың Вокзал маңы мөлтекауданындағы Саламат Мұқашев атындағы алаңды жаңғырту да қамтылыпты.

Сайып келгенде, болашақта Атырау алаңдары бірінен соң бірі жаңғыртылатын болады.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз