
Атырауда 43 ауылға талшықты интернет тартылады
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында шалғай ауылдарды сапалы интернет желісімен қамту бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде аймақтағы 153 елдімекеннің 146-сы интернет желісіне қосылған, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

14 ауылдық елдімекенге интернет желісін қосу жұмыстары «Jusan Mobile» АҚ-мен бірлесіп, «OneWeb» спутниктік технологиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Ғаламторға қол жеткізген ауылдардың қатарында Исатай ауданының Амангелді, Ауқайран, Мыңтөбе, Айбас және Жасқайрат, Құрманғазы ауданындағы Шайхы, Махамбет ауданының Бала Ораз, Кеңөріс, Есмахан елдімекендері, сондай-ақ Индер ауданының Қызылжар, Ақтан, Кетебай, Қызылқоға ауданының Бұқар және Жылыой ауданының Қараша ауылдары бар.

– Байланыс сапасын арттыру мақсатында биыл 7 100 абонентті оптикалық желіге ауыстыру, 31 шақырым талшықты-оптикалық кабель тарту, 156 базалық станцияны жаңғырту және 133 базалық станцияны 5G технологиясымен іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының 2025-2027 жылдарға арналған жоспарына сәйкес облыстың тағы 43 ауылдық елдімекенге талшықты-оптикалық интернет желісін жеткізу көзделген, — деді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов.
Республикалық маңызы бар автожолдарды байланыспен қамту үшін облыста 5 антенна-діңгек құрылысын (АДҚ) салу жоспарланған. Бұл бағыттағы жобалық-сметалық құжаттамалар Жылыой, Махамбет және Қызылқоға аудандары бойынша әзірленіп, сараптамадан өтті.



