
Атырау университетінде Зейнолла Сәнікке арналған аудитория ашылды
Зейнолла Сәнік – саналы ғұмырын ұлт руханиятына, әдебиет пен ғылымға арнаған көрнекті жазушы, ғалым әрі баспагер. Қаламгер еңбектері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, 1982 жылы қытай тіліне аударылған туындысы 1995 жылы «таңдаулы шығарма», 2002 жылы «екінші дәрежелі жүлделі шығарма», ал 2003 жылы «халықаралық таңдаулы шығарма» атағын иеленді. 2010 жылы аталған еңбек «Әлемдік ірі ғылыми жетістік жасампаздығы» сыйлығымен марапатталып, алтын медальға ие болды.

Осыған орай Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Зейнолла Сәнікке арналған жаңа аудитория ашылды. Іс-шараға ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған бір топ ұлт зиялылары, оқытушылар мен студенттер қатысты. Бұл игі бастама – тұлғаның мол мұрасын жас ұрпаққа танытып, рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Аудиторияның ашылуында қаламгердің ұлы Қанат Зейноллаұлы сөз сөйлеп, әкесінің өмірлік ұстанымы мен шығармашылық жолындағы мақсаттарын тебірене еске алды. Сондай-ақ жиналған зиялы қауым өкілдері Зейнолла Сәніктің қазақ әдебиетіне, ғылым мен баспа ісіне қосқан зор үлесін атап өтіп, оның есімі мен еңбегі ұлт жадында мәңгілікке сақталатынын айтты.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



