ЖаңалықтарҚұқық

Атырау тұрғындары судьяларға ризашылығын білдірді

Atr.kz/2 шілде, 2019 жыл. Қазақстан РеспубликасыЖоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың атына Атырау облысы тұрғындарынан облыс судьяларының атына бірнеше алғыс келіп түсті.

Нақтырақ айтсақ, Атырау қаласының тұрғыны, азаматтық іс бойынша талап қоюшылардың өкілі Е.Кушмуханов «Мен, талап қоюшылар М.Биманов пен М.Койбагаровтың атынан Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Б.Нұржанова ханымға үлкен алғысымды білдіргім келеді», — деп бастаған өз сөзін хаттың авторы.

Талап қоюшылар «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на жұмысқа кері орналастыруды сұрап, Атырау қалалық сотына талап арызбен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшылардың еңбек шарты, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтары жоқ деген негізбен талапты қанағаттандырусыз қалдырған.

Алайда, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен шешім өзгертіліп, талап қоюшылардың талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды.

Істі талқылау барысында анықталғаны, талап қоюшылар 2012 жылғы 01 қарашадан 2014 жылғы 19 мамырға дейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалында газ тораптарының пайдалану қызметінің операторы болып жұмыс жасаған. 2014 жылғы 19 мамырда олармен еңбек шарттары олардың «өз еріктерімен жұмыстан босату туралы арыздары бойынша» деген негізбен бұзылып, сол күні олармен өтелмелі қызмет көрсету туралы шарттары жасалған.

2015 жылғы 13 тамызда газ тораптарын пайдалану қызметі «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-нан «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на берілген. Соңғы кәсіпорын да талап қоюшылармен ақылы қызмет көрсету шарттарын жасаған.

Еңбек дауын қарау барысында талап қоюшылардың бұрынғыша газ тораптарының пайдалану қызметінің операторының жұмысын атқарғаны, оларға ай сайын штаттағы оператордың орташа жалақысымен шамалас ақы төленіп отырғаны және бұл сомалардан ай сайын төленіп тұратын азаматтық-құқықтық шарттарға тән емес жеке табыс салығы ұсталып отырғаны анықталды.

Сондықтан, «Атырау облыстық сотының судьясы Б.Б.Нұржанова талап қоюшылардың апелляциялық шағымын қараған кезде табандылық танытып, бұрын-соңды қаралмаған даудың шешімін тауып, талап қоюшыларды жұмыс орнына кері орналастыру қажет деп әділ шешімге келді», — делінген талап қоюшылардың хатында.

Алғыс хаттың авторы бұл судья Б.Б.Нұржанованың әділ шешім қабылдаған бірінші ісі емес, ол әрқашан кез-келген іс бойынша әділ шешім қабылдайтынын тілге тиек еткен.

«Судья Б.Б.Нұржанова ханымның жақсы қасиеттерінің бірі, оның барлық істерді сот отырысы басталғанға дейін зерделеуі, жан-жақтылығы, екі жаққа тең көзбен қарауы, тәжірибелілігі, кез-келген істің шешімін табуы және ең бастысы тапқан шешімнің әділдігі.

Біз өзіміздің атымыздан Сіз арқылы Атырау облыстық сотының судьясы Б.Б.Нұржанова ханымға үлкен алғысымызды айтқымыз келеді» — деп аяқтады хатын Е.Кушмуханов.

Сонымен қатар, Жоғарғы Сот төрағасының атына Мақат ауданының тұрғыны Нуреден Байниязовтан алғыс түсті.

Хат иесі Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың «дауды шешудің ең тиімді әдісі — татуласу» деп ұстанған бағытын атыраулық судьялар корпусы қаз-қалпында орындап отырғандығына және соттың мақсаты тек соттау емес, татуластыру екендігіне тәнті болған.

Автор хатта өз басынан өткен оқиғаны былайша баяндайды: «2018 жылғы 27 желтоқсанда Атырау қалалық сотының судьясы Канат Макажановтың төрағалығымен қаралған менің талап арызым бойынша жауапкер «Альфа Банк» АҚ-на банктік қарыз шартын ішінара жарамсыз деп тану, ақшаны қайтару туралы талап қою арызы бойынша азаматтық істі қарау барысында судья кәсіби шеберлігін танытып, заң талаптарын мұқият сақтап, іс бойынша барлық мән-жайларды зерттеп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуінің арқасында аталған азаматтық іс бойынша татуласу келісіміне қол жеткізу мүмкін болды», -дейді.

Аталған азаматтық іс бойынша татуласу келісімі бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылған.

Татуласудың нәтижесінде талап қоюшы өз арызынан бас тартып, ал банк заңсыз өндіріліп келген несие комиссияларын тез арада қайтарып беруге міндеттенген.

Н.Байниязов өзінің және жанұясының атынан Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғановқа, Атырау қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Анаргүл Салиховаға және Атырау қалалық сотының судьясы Қанат Макажановқа шынайы ризашылығын білдірген.

«Құқықтық мемлекетіміздің әлеуетін асқақтатып, Атырау облысы тұрғындарының конституциялық құқықтарын қалпына келтіруде үлкен жетістіктерге жетіп, елімізге елеулі судья болуларыңызға тілектеспін», — деп тілейді Н.Байниязов.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button