img 20210110 wa0209

Атырау қаласының әкімі сайлауға қатысушы партияларға сәттілік тіледі

Жаңалықтар Саясат
14 / 100

«Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев Жұмыскер ауылындағы жалпы білім беретін И.Тайманов атындағы орта мектепте орналасқан №18 сайлау учаскесінде дауыс берді»  деп хабарлайды Atr.kz

–Биыл елімізде Парламент Мәжілісі депутаттары мен облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде. Бұл мемлекеттің өркендеуі мен дамуы жолындағы маңызды қадам. Биылғы сайлаудың ерекшелігі –  науқанға көп партияның қатысуы болып отыр.  Бұл сайлаушыларға таңдау мүмкіндігін береді, әрі саяси күштер арасындағы саяси бәсекелестікті арттырады. Үміткерлерді халық жақсы біледі, жауапкершілігі жоғары азаматтар. Мен де Қазақстанның азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым.

Атырау қаласында 117 сайлау учаскесі, 228 274  сайлаушы бар, халық саны 360 мыңнан асады, – деді Қайрат Құлымұлы.

img 20210110 wa0099 1

Парламент Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлау науқанына атыраулықтар белсене атсалысуда. Қазір біз Атырау қаласы Жұмыскер ауылындағы жалпы білім беретін И.Тайманов атындағы орта мектепте орналасқан №18 сайлау учаскесінде тұрмыз. Барлығы 2875 сайлаушы тіркелген бұл учаске сағат таңғы 7.00-ден бастап есігін айқара ашты. Мемлекеттік Гимн ойналды. Аталған учаскеде қала тұрғыны, зейнеткер Меруерт Досмағамбетова ең алғашқы болып дауыс берді.

– Бұл саяси науқанда өз таңдауымызды жасау  — барлық қазақстандықтың азаматтық парызы. Сондықтан, әр адамның сайлауға келіп, өз дауысын беруі ел болашағы үшін жасалған басты қадам. Олай болса, барлық азамат бүгінгі күнде өз сайлау учаскесіне барып, міндетті түрде таңдауын жасауы қажет. Тәуелсіз мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы үшін әрбір тұрғынның  дауысы маңызды. Осы себепті, бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Сонымен қатар, бұл сайлау учаскесіне алғашқы болып келіп отырмын. Бұған дейінгі сайлауларда да алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс беріп жүрген болатынмын, – деді Мерует Сейсенқызы.

№18 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Гүлшат Хасанның айтуынша, бұл учаскеде дауыс берушілердің белсенділігі жоғары.

–Бір сағаттың ішінде  37 сайлаушы келіп, өзінің таңдауын жасап үлгерді. Бұл учаскеде ең жасы үлкен сайлаушы – 92-де. Оның өтініші бойынша сайлау жәшігі үйіне апарылады. Бұдан басқа,  кәмелет жасына толып, бірінші мәрте дауыс беру құқығына ие болғандар саны – 12. Сайлауда барлық санитарлық талаптар сақталып отыр.  Комиссия мүшесіндегі 9 адам мен төраға, хатшының  барлық қорғаныш құралдары 2 сағат сайын ауыстырылып тұрады. Сайлаушылар үшін кіреберісте антисептик қойылған. Негізгі 5 дауыс беру кабинасы мен  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 1 арнайы кабина ашық түрде жасақталған. Сайлаушылардың қызуын өлшеу үшін 2 мейірбике қызмет етуде, – деді Г.Хасан.

Сайлау учаскесінде сайлаушылардың  конституциялық құқығы бұзылмауын  барлығы 9 байқаушы бақылап отыр. Оның 2-уі халықаралық байқаушылар.

– Өздеріңіз байқағандай, учаскеде сайлау өзінің ережесіне сәйкес, сағат 07.00-де басталды. Сайлау комиссиясының төрағасы, басқа да жауапты азаматтардың қатысуымен бюллетеньдердің барлығы саналып, жәшіктер пломбаланды. Ешқандай заңбұзушылықтар орын алған жоқ.  Сайлау жоғары дейгейде өтіп жатыр. Науқан басталысымен сайлаушылардың да белсенділігі жоғары екенін байқап тұрмыз. Сайлау тиісті талаптарға сәйкес өтуде. Бұдан басқа, саулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтардың үйіне сайлау жәшігі жөнелтіліп жатыр. Мұның барлығы байқаушылардың толық бақылауында, – деді байқаушы Алтынханым Айдынғалиева.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған