Атыраудағы Талқайран ықшамауданында 900 орындық мектептің құрылысы басталды

img 20220915 wa0020 Жаңалықтар

«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ-ның демеушілігімен салынатын білім ордасының алғашқы кірпішін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен КҚК бас директоры Николай Горбань қалады. Жаңа оқу ордасын 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Серік Шәпкенов қарқынды дамып келе жатқан ықшам ауданда жаңа мектептің салынуы қаламыздағы оқушы орындарының жетіспеу мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек». Біз бүгін осы міндеттерді жүзеге асыру жолында тағы бір білім ошағының іргетасын қалау үшін жиналып тұрмыз,- деп атап көрсетті. Басты міндет құрылыс жұмыстарының мерзімінде сапалы атқарылуына қол жеткізу. Ел болашағы білімді ұрпақ қолында деген қағидаға сүйенсек, бұл іс сол жолға жұмсалған инвестиция. Қайтарымы жас ұрпақтан болмақшы. Іске сәт!-деді Серік Шәпкенов.

Болашақ мектептің аумағы 3 гектар жерді құрайды. Мектеп үш блоктан тұрады. Бірінші блокта 1-4 сынып, екінші блокта 5-9 сынып, үшінші блокта 10-11 сынып оқушылары білім алады деп жоспарланған.

Жаңа мектеп 210 орындық акт залымен, 312 орындық асханамен, екі спортзал және екі кітапханамен, медициналық бекетпен қамтылады. Сыйымдылығы 25 оқушыға арналған 36 оқу кабинеті заманауи үлгіде жасақталады.

Мектептің сыртқы аумағын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мұнда футбол алаңы, жүгіру жолы, спорттық тренажерлар аймағы, теннис корты мен волейбол алаңы бар стадион салу жоспарланған. Сонымен қатар алғашқы әскери дайындық сабағына арналған кеңістік жасалады. Мектеп автобусы мен жеке, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың көліктері тұратын автотұрақ болады.

—Консорциумның басымдық беретін құндылықтарының бірі – әлеуметтік жауапкершілік. Біз әлеуметтік бағытталған компания ретінде КҚК мұнай құбыры жүйесі өтетін аудандарда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды үнемі қолдаймыз. Жыл сайын біз қайырымдылық көмек көрсетуге қомақты қаржы бөліп отырамыз, деп атап өтті КҚК бас директоры Николай Горбань тас қалау рәсімінде.

«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ 2001-2022 жылдар аралығында Атырау облысында қайырымдылық шараларына шамамен 11 млрд теңге жұмсады. Оның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер салу және қайта жаңғырту жұмыстары бар.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз