Жарнама
Жаңалықтар

Атырау полициясының тарихы – жаңа кітапта

Облыстық полиция департаментінде ерекше рухани мәнге ие жиын өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, ІІМ Жол полициясының Құрмет белгісінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Гайсиннің “Атыраудың жол сақшылары” атты тарихи-естелік кітабының тұсауы кесілді.

Жаңа кітаптың басты мақсаты – өңірдегі жол-патрульдік полиция қызметінің тарихын түгендеп, түрлі кезеңдерде ел тыныштығын күзеткен қызметкерлердің еңбегін келер ұрпақ жадында сақтау.

Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің басшылығы, патрульдік полиция қызметкерлері, сала ардагерлері, БАҚ өкілдері мен шақырылған қонақтар қатысты.

Жиынды департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиев ашып, жол сақшылары қызметінің қоғам өміріндегі маңыздылығына және кітаптың құндылығына тоқталды.

– Бұл кітап – жол сақшылары қызметінің бір ғасырлық шежіресін түгендеп, бірнеше буынның еңбегін ел есінде қалдырған құнды еңбек. Дүйсенбек Тастанбайұлының бұл еңбегі – тек жеке шығармашылық емес, тұтас ұжымның рухын дәріптеген игі іс. Осындай еңбектер арқылы біз өткенді ұмытпай, болашаққа бағдар аламыз, – деді ол өз сөзінде.

Рәсім кезінде полиция департаменті бастығының орынбасары мен сала ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Салық Бекқайыров кітаптың тұсауын салтанатты түрде кесті.

Шара барысында қатысушыларға “Атыраудың жол сақшылары” кітабының мазмұны мен құрылымы таныстырылды. Еңбекте жол полициясының қалыптасу тарихы, қызметтің қиын кезеңдері, түрлі жылдардағы бөлім басшылары мен қызметкерлердің өмір жолы және есте қалған оқиғалар кеңінен қамтылған. Сондай-ақ кітапта ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің есімдері де құрметпен аталады.

Кітаптың алғашқы бетінде автордың алғысөзімен қатар, “Атыраудың жол сақшылары” атты марш-әнінің нотасы берілген. Іс-шара барысында осы әннің бейнеролигі көрсетіліп, қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді. Әннің сөзін автордың өзі – Дүйсенбек Гайсин, ал әуенін белгілі композитор Еркін Нұрымбетов жазған. Жиын барысында бұл туынды қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, патриоттық рухты айқындай түсті.

Салтанатты жиында ардагерлер өткен жылдардағы қызметтік естеліктерімен бөлісіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласының даму тарихы мен дәстүрлері жайында әсерлі әңгімелер айтты. Ардагерлер қазіргі жас қызметкерлерге ізгі тілектерін білдіріп, адалдық пен жауапкершілікті басты қағида етуге шақырды.

Шара барысында автор ерекше ілтипатпен батыр полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевтің анасы Ләззат Мәденқызына өз қолымен кітабын сыйлап, гүл шоғын табыстады. Бұл сәт көпшіліктің көңілін толқытқан ерекше сәттердің бірі болды.

Іс-шара соңында полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев Дүйсенбек Тастанбайұлына Алғыс хат табыстап, қазақы дәстүр бойынша шапан жапты.

– Сіздің еңбегіңіз – жас ұрпаққа өнеге, ел игілігіне қызмет ететін қымбат қазына. “Атыраудың жол сақшылары” кітабы жол қызметі саласының рухын көтеріп, әріптестеріміздің ерлігін ел есінде сақтайтын мәңгілік естелік болмақ, – деді Ә.Сейдуалиев өз сөзінде.

Салтанатты шара естелік суретке түсумен, жылы лебіздер мен шынайы алғыстарға ұласты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button