
Атырау өңірінде Республика күні жоғары деңгейде аталып өтпек
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз брифингі өтті. Брифингке облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова қатысып, өңірде өтетін мерекелік жоспарлармен бөлісті.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл Республика күні ерекше ауқымда атап өтілмек. Өйткені бұл мереке – еліміздің тәуелсіздікке бастау болған тарихи шешімнің символы. Осы орайда Атырау облысында 15–27 қазан аралығында 69 түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Барлық шара ел бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тәуелсіздіктің маңызын кеңінен түсіндіруге бағытталып отыр.
Гүлнұр Жалғасқызының мәліметінше, 25 қазан – басты мерекелік күні Атырау қаласы мен барлық аудандарда Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтеді. 24 қазан күні М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында салтанатты жиын ұйымдастырылса, мереке күні Қ.Смағұлов алаңында тұрғындарға арналған кең көлемді мерекелік концерт пен халықтық серуен өтеді. Осындай шаралар облыстың барлық аудан орталықтарында да ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар мереке қарсаңында өңірде 9 жаңа әлеуметтік және білім беру нысаны іске қосылады. Олардың қатарында Атырау қаласындағы 900 орындық екі «Келешек» мектебі, Махамбет және Қызылқоға аудандарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Құрманғазы және Исатай аудандарындағы бірнеше медициналық пункттер бар. Бұл нысандардың ашылуы өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ.

Брифинг барысында басқарма басшысы мерекеге арналған мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар да ерекше мазмұнмен өтетінін атап өтті. «Менің Қазақстаным» атты сурет және эссе байқаулары, «Менің Республикам» дебат турнирі, сынып сағаттары, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, әдеби кештер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Мәңгілік жаса, Қазақстан!» атты экологиялық акция, қайырымдылық шаралары, жәрмеңкелер мен тұрғындарға арналған түрлі жеңілдіктер де өтеді. 25 қазан күні қала тұрғындарына арналған тегін қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылмақ.
Ақпараттық қолдауға да ерекше мән берілген. Әлеуметтік желілерде #RepublicDay және #МеніңРеспубликам хэштегтерімен бейнероликтер, посттар жарияланып, телеарналар мен радиоларда мерекелік айдарлар шығады.
Брифинг соңында Гүлнұр Сүйеуова Республика күнін мазмұнды және жоғары деңгейде өткізу — елдік рухты көтеріп, бірлікті нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ
