Жарнама
Жаңалықтар

Атырау облысына жарты жылда 83 мыңнан астам турист келген

Атырау облысында туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасындағы бөлім басшысының м.а. Жаннат Сабырғалиева мәлімдеді.

Биыл алғашқы алты айда өңірге 83 мыңнан астам турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп. Оның ішінде 73 мың адам — ішкі, ал 10 мың адам — шетелдік туристер. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 3 млрд теңгеге жеткен.

img 8693 1

– Туризм саласындағы оң динамика өңірдің инвестициялық тартымдылығымен де байланысты. Биыл салаға тартылған инвестиция көлемі 32 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты салынған жобалардың есебінен инвестиция көлемі артып отыр, – деді Ж.Сабырғалиева.

Спикердің айтуынша, аймақта туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында Сарайшық қалашығына және Ақмешіт қорымына жол салу, Құрманғазы ауданындағы лотос алқабын абаттандыру, сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандарын көбейту жұмыстары жалғасуда. Қазір облыста 250-ден астам туристік мекеме қызмет көрсетеді.

img 8695 2

Туризм саласын ақпараттық және имидждік тұрғыда ілгерілету мақсатында құрылған «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттап келеді.

– «Visit Atyrau» сайты үш тілде жұмыс істейді. Онда облыстың табиғи, тарихи және мәдени нысандары туралы толық ақпарат бар. Сонымен қатар туристерге арналған мобильді қосымша дайындалып жатыр. Ол арқылы саяхатшылар маршрут жоспарлап, қонақүй мен гид қызметін онлайн брондай алады,- деді «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы КММ директорының орынбасары Ләззат Сұлтанова.

Сондай-ақ «Visit Atyrau» орталығының ұйымдастыруымен «Zhaiyk Brand Fest», «Atyrau Fish Day», «EthnoWeekend», «Lotus Fest» және «Tour de Saraishyq» сияқты өңірлік және халықаралық жобалар жүзеге асты.

Бұдан бөлек Атыраудан Милан қаласына тікелей әуе рейсінің ашылуы Еуропадан келетін туристер ағынын арттыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Стамбул, Дубай, Амстердам, Тбилиси және Баку бағыттарындағы тұрақты рейстер өңірдің халықаралық туризмін дамытуға жол ашты.

Атырау облысы – табиғи байлығы мен тарихи мұрасы мол аймақ. Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта туризм саласын жаңа деңгейге көтеру, қызмет сапасын арттыру және өңірді елдің жетекші туристік орталығына айналдыру бағытындағы жұмыс жалғасын таппақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button