АТЫРАУ – ХЬЮСТОН: СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІККЕ ҚАДАМ

Қазақстандық және хьюстондық үлгідегі диплом. Атырау мұнай және газ институтының студенттері алға қарай осындай екі жақты деңгейдегі диплом алуға қол жеткізетін болады. Бұл – «отандық мамандар үшін халықаралық нарыққа жол ашылады» деген сөз. Жаңалықты мәлімдеген Атырау мұнай және газ институтының ректоры Әли Әбішевтің айтуынша, бүгінде Хьюстон университетіне қарасты мұнай инженериясы институтымен екі арада келісімдер жүргізілуде. 

ӘРІПТЕСТІК  БАЙЛАНЫС АРТАДЫ

Келісімдер табысты өткен  жағдайда атыраулық студенттер  үш немесе алты ай, бір жыл Хьюстонда оқып, білім-тәжірибе алмасатын болады. Сонымен бірге, қос тарап профессор-оқытушылар құрамымен алмасуға қол жеткізіп отыр. «Атырау мұнай және газ институты – еліміз үшін мұнай-химия саласындағы бірден-бір негізгі оқу орны. Бүгінде біз үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобаларға қажетті мамандар даярлауға күш салып отырмыз. Сонау мұхиттың ар жағындағы АҚШ-тан Атырауға профессор-оқытушылар келмек.

Хьюстон университеті – әлемдегі мұнай-химия саласындағы ең үздік оқу орны. Ондағы озық технологияны отандық өндіріске енгізу – күрделі мәселе» деген институт ректоры Әли Әбішев өзге де жаңалықтармен бөлісті. Мәселен, институт базасында Каспий зерттеу орталығы құрылыпты. Айтуынша, аталмыш орталық ел экономикасын дамытуға бағытталған жобалармен жұмыс істейтін болады. Мұндай жаңалықтар Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев бастаған делегацияның Хьюстон қаласына сапары барысында мүмкін болып отыр. 

ТӘЖІРИБЕ   ИГЕРІЛУІМЕН ҚҰНДЫ

Атырау қалалық қаржы бөлімінің басшысы Мұрат Айтжановтың айтуынша, мамыр айының 1-5-і аралығында болған сапар экономиканы әртараптандыру тәжірибесін зерттеуге арналған екен. «Хьюстон Американың мұнайлы астанасы саналады. Сексенінші жылдардағы дағдарысқа дейін мұнай секторынан түсетін пайданың үлесі қала экономикасының 87 пайызын құрайтын еді.  Дағдарыстан кейін Хьюстон шикізаттық экономикадан арылу мақсатында денсаулық, ақпараттық технология, аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға көшті де, нәтижесінде қала экономикасындағы мұнай секторының үлесі 40 пайызға азайды. Осылайша, Хьюстон әртараптандыру экономикасына табысты көше алды.

Сапар аясында делегация Энергетикалық қалалардың әлемдік әріптестігі ұйымының конференциясына қатысып, қазақстандық өкіл, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев Теңіз және Қашаған кен орындарының игерілуі, мұнай-газ саласындағы машина жасау, фармацевтиканы дамыту, балама қуат көздерін табу бағытындағы өңірдегі жұмыстарға тоқталды» деп атап өтті ол.

Сапар аясында атыраулық делегация конгрессмен Рэнди Уэбер және Стив Стокманмен, Хьюстон қаласының мэрі Аннис Паркермен, Абердин қаласының (Шотландия) мэрі Джордж Адаммен,  Ставангер қаласының (Норвегия) мэрі Кристина Сагенмен екі жақты кездесулер өткізіп, көптеген келісімдерге қол жеткізді. Басты нәтиже – Хьюстон және Атырау қалаларының басшылары араларында өзара түсіністік жөніндегі екі жақты меморандумға қол қойылуы болды. 

ЖАҢА ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШЫҚ

Атап өтерлік тағы бір жайт, сапар барысында делегация Хьюстон технологиялық орталығында болды. «Аtyrаu Innovations»  ЖШС-нің инновация бойынша менеджері Ұлжан Ихсан екіжақты  кездесу кезінде Атырауға АҚШ тарапынан инвестиция тарту мүмкіндіктерінің қаралғанын айтты. «Хьюстон технологиялық орталығы әлемдегі ірі бизнес-инкубатор болып табылады. Орталықтың тәжірибесін өз жұмысымызға пайдаланғымыз келеді. Бүгінде General Electric және Шеврон сынды әлемдік нарықтағы алпауыт компаниялармен келісімдер жүргізілуде» деген ол  «Аtyrаu Innovations»  ЖШС мұнай-химия, фармацевтика саласы бойынша жобаларды қарастырып жатқанын айтты.

Осы уақытқа дейін «Аtyrаu Innovations» ЖШС қолдауымен үш инвестициялық жоба іске қосылған. Тағы екі жоба жүзеге асу кезеңінде.  

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз