
“Атырау” газетінің тілшісі – “Үркер” — 2025 Ұлттық сыйлығының номинанттары қатарында
Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы беделді марапаттардың бірі – «ҮРКЕР» – 2025 Ұлттық сыйлығының шорт-листі жарияланды. Биыл байқауға еліміздің әр өңірінен 400-ден астам өтінім қабылданған. Сараптау нәтижесінде тек 44 номинант финалға өтті.
Шорт-листке кіргендердің қатарында әріптесіміз, “Атырау” газетінің аға тілшісі Майра Ерғали бар. Оның есімі республикалық деңгейдегі таңдаулы журналистік жұмыстар тізімінде аталуы өңірлік баспасөздің әлеуеті мен кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Биылғы бәйге 11 номинация бойынша өткізілді. Үздік жұмыстарды анықтау үшін тәжірибелі журналистер мен медиа-менеджерлерден құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалау жүргізді.
«ҮРКЕР» сыйлығының лауреаттары 7 қараша күні анықталады. Марапаттау рәсімі Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында өтеді. Жеңімпаздарға бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.
Қазақстандық «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығы 2017 жылдан бері табысталып келеді. Сыйлықтың негізгі мақсаты – отандық журналистердің кәсіби еңбегін тану, сапалы контент жасауға ынталандыру және қоғам назарын журналистиканың маңызды рөліне аудару. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл бәйге медиа саласының дамуына серпін беріп, шығармашылық ізденіске жол ашады.
Байқауды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Іс-шараға «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС және «Sport+» телеарнасы демеушілік жасауда.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: gov.kz



