Жарнама
Жаңалықтар

«Atyrau CyberCup»: Өңірде Халықаралық турнир басталды

Атырау облысы әкімдігінің және «Қазақтелеком» АҚ-ның қолдауымен, Қазақстан киберспорты федерациясының қатысуымен Атырауда ірі халықаралық Atyrau CyberCup турнирі өтті. Турнир LAN-форматта Dota 2 және CS2 атты екі негізгі дисциплина бойынша ұйымдастырылды. Бұл додаға Орталық Азияның үздік ойыншылары жиналып, бірнеше ай бойы іріктеу кезеңінен өткен мықтылар финалда бақ сынап жатыр.

Іс-шарада сөз алған Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Бисембиев қатысушыларды құттықтап, турнирдің өңір жастары үшін маңыздылығын атап өтті.


– Атырау қаласында өтіп жатқан бүгінгі халықаралық турнир шара бірнеше ай бойы дайындық кезеңінен өтіп, үлкен еңбек пен ынтымақтың нәтижесінде ұйымдастырылып отыр. Қазір мемлекетіміз жастардың дамуына, олардың жаңа бағыттарда өз қабілетін көрсетуіне айрықша көңіл бөлуде. Соның ішінде киберспорт саласы да – болашағы зор бағыттардың бірі.
Бүгінгі додаға еліміздің әр өңірінен келген жастар қатысып отыр. Бұл – аймақтар арасындағы тәжірибе алмасуға, заманауи IT және цифрлық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді. Барша ойыншыларға сәттілік тілеймін! Әркім өз еңбегінің жемісін көруге лайық. Осындай бастамалар өңірдің де, еліміздің де дамуына үлес қосатынына сенімдімін, — деді облыс әкімінің міндетін атқарушы.

Содан соң «Қазақтелеком бизнес» компаниясының маркетинг және даму жөніндегі директоры Абылай Жұмагелдинов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол аймақта киберспорттың дамуына үлкен мән беріліп отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі Atyrau CyberCup турнирі – Қазақстанда киберспорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін жарқын дәлел. Біз үшін мұндай халықаралық деңгейдегі жобаларға қолдау көрсету – зор мәртебе. Бұл турнирге Қазақстанмен қатар көршілес Қырғызстан сияқты елдердің де жас киберспортшылары қатысып отыр. Бұл өзара достық пен серіктестікті нығайтатын маңызды бастама деп білеміз.
«Қазақтелеком» компаниясы еліміздегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жастардың инновациялық ой-өрісін, жаңа технологияларға бейімделуін қолдауға әрқашан дайын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Турнир жоғары деңгейде өтсін, әрбір ойыншы өз тәжірибесін арттырып, жаңа жетістіктерге жетсін, — А.Жұмагелдинов.

Dota 2 ойынының гранд-финалы басталды. Алғашқы болып Uncrowned Kings және aHaze clan командалары кездесті. Uncrowned Kings командасы плей-офф кезеңінде Random Stack ұжымын 2:0 есебімен ұтып, финалға шыққан болатын. Ал aHaze clan Chase Atlantic командасын дәл осындай есеппен жеңіп, финалда қарсыласты. Нәтижесінде, екі команда да іріктеулер мен плей-офф кезеңдерін табысты аяқтап, тартысты финал өткізіп жатыр. Түстен кейінгі сессияда залдағы көрермендер арасында ұтыс ойындары мен DJ-сет ұйымдастырылатыны айтылды. Ұтыс ойынында көрермендерге iPhone 17, PlayStation 5, LG мониторлары, смартфондар, Bloody пернетақталары мен құлаққаптары және Defender Crusher геймпадтары секілді бағалы сыйлықтар табысталады. Ұтыс нөмірлері экрандағы генератор арқылы таңдалады.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button