Атыраулық ұшқыш қазақ

атыраулық ұшқыш Жаңалықтар

Балдәурен бала кезімізде бәріміз де құс қанаты талатын көкте қалықтаған ұшақтарға қарап, көзімізді талдыратын едік-ау. Содан бәріміз ұшқыш болуды қиялдайтынбыз. Ал, Марат Тасименов – сол арманын жүзеге асырған, аспан әлемін шарлаған атыраулық аз ғана қазақ ұшқыштарының бірі.

атыраулық ұшқыш

Сонау 1970 жылы сол кездегі Ордженикидзе атындағы орта мектепті бітірген соң әскер қатарына алынып, одан оралған жас жігіт Мәскеудегі Егорьевск азаматтық авиациясы техникалық училищесіне түседі. Турасын айтқанда, сол кезде аталмыш оқу орны күллі кеңестік кеңістіктегі алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірінен саналатын. Осында оқыған ұшқыштардың талай ұрпағы тарихта атын қалдырған. Атақты ұшқыш В.Чкаловтың өзі осында тәлім алған.

Училищені үздік тәмамдаған Марат Атырау әуежайының техникалық базасына қызметке орналасып, көп ұзамай инженерлік лауазымды иеленді. Одан әрі білімін Киев қаласындағы азаматтық авиация инженерлерін даярлайтын институтта жалғастырды. Мұны да сәтті бітірген ол әбден маман ретінде қалыптасқан-ды. Содан 1995 жылы сонау Гватемало еліне іссапарға жіберілді. Қазақстандық мамандардың шет елдерге қызметке шығып жатқан кезі еді. Марат АН-24 ұшағымен топ жетекшісі ретінде атыраулық алғашқы делегацияны алыс сапарға алып ұшты.  Алайда, сол іссапар оған қолайлы болмады. Алдында да сәл сырқаты болғанымен жұмыстан қалмай жүрген ол сырт жерде дертін асқындырып алды. Содан елге оралған жерлесіміз 1997 жылғы 5 маусымда 44 жасында өмірден өтті. Оған да, міне, тура 20 жыл толып отыр екен. Бүгінде тоқсанның төріне шыққан анасы, жұбайы Орын, қыздары Анар мен Шынар, олардан тараған ұрпағы абзал азаматты сағынышпен еске алады.

Құрбыларының айтуынша, Марат Тасименов жолдасқа жомарт, досқа дархан, қатарға қадірлі жігіт болған. Біреудің басына іс түссе, естіген сәтінде қолұшын созуға ұмтылады екен. Кеңес Одағының әр түкпіріне, шет елдерге ұшып жүргенінде қазаққа ғана тән болмысымен дараланған. Қайсар жігіт авиациялық училищені тәмамдаған соң үш ай ішінде инженерлік лауазымға тағайындалған. Ол кезде мәскеулік оқу орнын бітіргенімен, қолға диплом берілмейтін. Жұмыс орнында өзін көрсете білгендер ғана қосымша емтихан тапсырып, біліктілігін дәлелдейтін. Ал, Марат орыс тілді басшылардан қаймықпастан іскерлігін көрсете білген.

Бүгінде тұтас елімізде, соның ішінде Атырауда ұшқыш мамандығын таңдап, көк жүзінде қырандай қалықтаған жаңа ұрпақ қалыптасуда. Олар тың биіктерге құлаш сермеуде. Ал, осы асудың алғашқы баспалдағын қалағандардың бірі – Марат Тасименов. Ендеше, оның есімі туысқандары мен тұрғыластарының жадында ғана емес, тұтас аймақ тарихында түйінделуі тиіс.

Меңдібай Елемесұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз