Атыраудың тірек ауылдары әлеуметтік ахуалы жақсарған орталыққа айналады

aleymet2 Жаңалықтар

Тірек ауылы. Иә, атауы анық болса да, бұл сөздің мағынасын көпшілік түсіне бермеуі мүмкін. Себебі, тірек ауылдардың атқарар рөліне аса мән беріп жатпайды. Осыдан төрт жыл бұрын Үкіметтің қаулысымен тірек ауылдар белгіленді. Оның тізіміне әр облыстан әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары әрі орташа болып табылатын ауылдар енді. Алайда, көп айтыла бермейтін ауылдардың тірлігі жайында не білеміз? Шағын аумақтардың дәулетін арттырып, тыныс-тіршілігін кеңейту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

aleymet2

2014 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» сәйкес, тірек ауылы абаттандырылған ауылдық елді мекен ретінде анықталды. Сол жерде тұратын халыққа және іргелес орналасқан аумақтардың тұрғындарына қажетті әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдар жасалатын болады. Бағдарламаға сәйкес, тірек ауылы елді мекендерді дамыту – өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осы бағытта облыста Ақкөл (Құрманғазы ауданы), Сағыз (Қызылқоға ауданы), Есбол  (Индер ауданы), Х.Ерғалиев және Жанбай (Исатай ауданы) ауылдары тірек ауылдық елді мекендер ретінде анықталып, Атырау облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілді, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өңірлерді және ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің басшысы Руслан Құрманғалиев.

Ресми өкілдің айтуынша, биылғы жылдың жартыжылдық қорытындысымен аталған тірек ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың саны 25 000 адамды құрап отыр. Шағын ауылдарды алға сүйрейтін тірек елді мекендердің экономикалық әлеуетін көтеруге, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен, сонымен қатар, басқа да қаржыландыру көздерінен бөлінген қаражат есебінен бірқатар жобалар іске асырылған. Соның ішінде, 2015-2017 жылдар аралығында жүзеге асқан ауқымды жобаларды атап өтуге болады.

Мәселен, көліктік инфрақұрылымды дамыту бағытында Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынса, Исатай ауданының Жанбай ауылында ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп отыр. Сондай-ақ, сумен жабдықтау нысандарын дамыту бойынша, Сағыз ауылында ауылішілік су құбыры желілері салынды. Ал, әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында Индер ауданының Есбол ауылында 70 орындық мектеп-интернат бой көтерді. «Қарлығаш» шипажай балабақшасы, Жамбыл орта мектебі күрделі жөндеуден өткен. Исатай ауданының Жанбай ауылында 200 орындық мәдениет үйі, дәрігерлік  амбулатория салынып, Нәубетов орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, осы аудандағы Х.Ерғалиев ауылында бой көтерген 100 орындық балабақша да ел игілігіне қызмет етуде.

Басқарманың бөлім басшысы Руслан Құрманғалиев, облыстың тірек ауылдық елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға бағытталған шаралар биыл да жүзеге асып жатқанын айтты.

«Мәселен, Сағыз ауылында 424 орындық орта мектеп пен 290 орындық балабақша құрылысы және ауылдың кірме, ауылішілік жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Ақкөлдегі су тазарту ғимаратын қайта жаңарту және Есбол ауылында жазғы су құбыры желісінің құрылысы мен 300 орындық мәдениет үйіне қатысты жұмыстарды атап айтуға болады. Сонымен қатар, Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылында селолық мәдениет үйі қайта  жаңғыртылуда. Тіректі елді мекендерді дамыту шараларын іске асыру қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында жалғасын табатын болады», – дейді ол.

Инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің әл-аухатын арттырады. Өндіріс ошақтары ашылып, кәсіпкерлік салада да тұрғындар жұмыспен қамтылады. Шағын елді мекендердегі ауыл тұрғындары алыстан «арбаламай», тірек ауылдарға иек артады, қажетін содан табады. Ол үшін – дамудың тұрақты негізі болып табылатын тірек ауылдарының жаңа тынысын ашу қажет.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз