Атыраудың алаугері

спорт1 Жаңалықтар

Атырау 2017 жылғы қысқы Универсиаданың алау эстафетасын 27 қаңтарда қабылдайды. Мұнайлы өңірді аралап өтетін алауды Универсиада астанасы – Алматыға жеткізу миссиясы атыраулық боксшы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, еліміздің төрт дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Назым Ищановаға жүктеліп отыр.

спорт1

Өлкеміздегі алау эстафетасы салтанаты екі кезеңге жоспарланған. Алаугерлердің бірінші тобы Атырау мұнай және газ университетінен Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрына дейін жүріп өтсе, екінші тобы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне дейін жеткізеді.

Облыс орталығындағы жоғары және кәсіптік білім беру ұйымдарының белсенді студенттері, оқу озаттары, облыстың танымал спортшылары, сала ардагерлері дүбір алауын 12 шақырым бойы алып жүріп, мемлекеттік университеттің алдында Назымға тапсырады. Ал, жерлес спортшы қызымыз 29 қаңтарда оңтүстік астанада өтетін 28-інші қысқы Универсиаданың ашылу салтанатына қатысады. Сөйтіп, әр облыстан таңдалған 16 студент Алатау төрінде алауды бір тостағанда біріктіреді.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, алауды алып жүретіндер қатарында самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Азия чемпионы Айдынбай Қайырберді, «Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің студенті, оқу үздігі Айғаным Ихсанова,  Атырау көлік және коммуникация колледжінің студенті, белсенді жас Ерсайын Идеятов, самбодан әлем чемпионы Саида Капсалыхова, грэпплингтен және джиу-джитсудан ел чемпионаттарының жүлдегері Дәулет Елемесовтер бар.

Айта кетсек, Универсиада алауы еліміздің 22 мың шақырымдық атырабын басып өтеді деп жоспарлануда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз