Атырауда қоғам қайраткері Орынбасар Еркінов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

ESIMI EL ESINDE Жаңалықтар

Қоғам қайраткері, Атырау қаласының және Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Орынбасар Еркінов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Ж.Досмұхамбетов көшесі, 2 «а» мекен-жайында орналасқан үйдің қабырғасына орнатылған тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне туған-туыстары мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

????????????????????????????????????

Орынбасар Таңатарұлының есімін ұлықтауға арналған ізгілікті шарада облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева сөз сөйледі.

Атыраудың абзал азаматына мұндай құрмет көрсету – кейінгі ұрпаққа парыз. Оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келіп, еңбек жолы ерте басталды.  Өзінің алған білімі мен күш-жігерін халқының әл-ауқатын көтеруге арнады. Өнеркәсіп, білім, партиялық кеңестік жұмыс, кәсіподақ, халықтық бақылау салаларында қызмет етті. Ол қай салада жұмыс жасаса да, білімімен, біліктілігімен ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, оның өнерге де ықыласы ерекше болатын. Бүгінде оның жүріп өткен жолдары кейінгі буынға үлгі, – деді Айгүл Теміртасқызы.

Орынбасар Еркінов 1933 жылы «қақпақты қара қазан» атанған  қасиетті Қызылқоға өңірінде дүниеге келді. Бала кезінде өз заманының қиындығы мен зұлматын бастан кешірді. Мәскеуден жоғары білім алып, әр жылдары туған өлкеде қызметтің сан түрлі баспалдағынан өтті. Жасаған жұмыстарына лайықты әр алуан марапаттар мен орден-медальдардың иегері атанды. Осылайша, еңбек пен білім, талапкерлік пен кәсібилікті қос қанатындай меңгеріп, еркін самғап, есімі туған жер шежіресінде алтын әріппен жазылды.

Осындай тұлғаға арналған ескерткіш тақтаны атақты актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Атырау облысының Құрметті азаматы  Есен Тасқынбаев ашты. Шара қатысушылары, көзін көрген замандастары естеліктерімен бөлісіп, ой толғады.

????????????????????????????????????

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Еңбек Ері:

Өнердің шын жанашыры еді

– Жарты ғасыр бұрын Алматыда ауруханада бір бөлмеде болып, таныстығымыз сол кезден басталды. Бұл уақыт – менің отыздан сәл асқан, оның қырыққа жетпеген шағы. Ол отырған жерін жыр-шашуға бөлейтін. Махамбеттің бүкіл жырларын нақышына келтіріп, таңға дейін жатқа айтатын. Дінмұхамед Қонаев: «Әрқайсысың өнерге жақын болмайынша үлкен қызметкер бола алмайсың. Әдебиет пен мәдениетті түсінбеген адам ұзаққа бармайды» дейтін. Міне, Орекеңнің бұл тұста өнердегі қасиеті зор еді. Оның жалпы өнер адамдарымен, Алматыдағы театрлар ұжымымен қарым-қатынасы ерекше болды. Ауыз толтырып айтар үлкен бір қасиеті осы. Ол қиянатқа, өтірікке мүлдем шыдамайтын. Мен Орекеңмен достығымыздың берік болғанына марқаямын.

Есен ТАСҚЫНБАЕВ, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Ол  ұмытылмайды!

– Орынбасар туралы көп айтуға болады. Оқу бітіргеннен кейін еңбекке қоян-қолтық араласты. Он бес жылдай Балықшы ауданында бірге қызмет еттік. Ол қай салада болса да, өз  ісіне адал еді. Абыройлы болды. Өз кәсібінің шыңына шыққан ұлт қайраткері бүгінде біздің жадымыздан еш кетпейді.

????????????????????????????????????

Равиль  ШЫРДАБАЕВ, Атырау  облысының Құрметті азаматы:

Еңбектің ақтаңгері

Жастар аға буынға қарап өседі емес пе? Біз де Орекеңнің өкшесін басып, оның  жолымен жүрдік. Оның  әр жұмысты ұйымдастырудағы қабілетін ерекше атағым келеді. Жалынды жастардың жүрегіне жол тауып, ерекше күш-жігер беретін. Іскерлік, адамгершілік қабілеттерінің арқасында артына өшпестей із қалдырды. Қандай кезеңде де еш қиындыққа мойымады. Осы қасиетімен көптің көңілінде қалған оның есімі мен жүріп өткен жолдары кейінгі буынға мирас болуы керек.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз