Атырауда мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемалық мәселелері кеңінен cөз болды

қоғам Жаңалықтар

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің қатысуымен «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемалық мәселелері» кеңінен сөз болды.

қоғам

«Қазақ соқырлар қоғамы» Атырау қалалық филиалының, «Мөлдір көз» қоғамдық бір-лестігінің мүшелері облыс әкімінің қабылдауында болып, өздерін толғандырған жайларды қозғаған еді. Жиында солардың шешілу барысы талқыланды.

Мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов баяндады.

Өңірде шамамен 20 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың үш мыңға жуығы – балалар. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша, бұл бағытқа 2015 жылға 249,1, 2016 жылға 408,1 миллион теңге қаражат қаралып, 1,6 есеге көбейген.

– Мүгедектерге арналған 1,1 миллион теңгеге компьютерлік тифлокешендер, 700,0 мың теңгеге  оқу машиналары, сурдотехникалық құралдар, бір данасы 185,0  мың теңге тұратын бейнекомпьютерлерді сатып алуға қол жеткіздік. 2015 жылы санаторлы-курорттық емдеуге 1206 жолдама сатылып алынса, 2016 жылға 1465 жолдама алынды, – деді ол.

Басқарма басшысы жиналысқа қатысушылардың түрлі сұрақтарына да жауап қайтарды.

Аудандарда әлеуметтік такси қызметтері неге жолға қойылмаған?

– Облыс бойынша Атырау қаласы мен Жылыой ауданында инватакси қызметі көрсетіледі, басқа аудандарда бұл қызмет жолға қойылмаған. Аудан әкімдіктеріне мемлекеттік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік таксиге қаржы қарастыру тапсырмасы берілді.

Аудандардағы көзі көр-мейтін зағип жандарды нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021  жылдарға арналған бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру мәселесі  не болды?

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке қабілеттілігі оны оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде айқындалады. Оларды жұмысқа орналастыру шаралары алынуда. Өткен жылы 514 адам жұмысқа орналасса, биылғы жылдың екі айында уәкілетті органға хабарласқан 155 тұрғынның 126-сын жұмысқа орналастыру шаралары алынды.

Аудандардағы  зағип жандар жауын-шашында үйлеріне кіріп шығу кезінде қиындық көреді.  Олардың үйлерінің алдына тас немесе асфальт төсеп беруге болмай ма?

– Қалалардың, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидасы бойынша, жеке және заңды тұлғалар, обьектілердің иелері дербес өз қаражаты есебінен аумақтарын санитариялық күтіп ұстауы және абаттандыруы тиіс. Бұл Атырау облысының мәслихатында талқыланды.

Жергілікті жердегі қоғамдық бірлестіктер мен Үкіметтік емес ұйымдарды қызметтік бөлмемен қамтып, жұмысқа орналастыру бағдарламасы ая-сында әлеуметтік қызметтер бекіту мәселесі қалай шешімін табуда?

– Облыстық соқырлар қоғамдық бірлестігінде, қалалық соқырлар қоғамдық бастауыш ұйымдарында бөлінген арнайы орындар бар және өтініштеріне сәйкес қоғамдық жұмыс негізінде жалпы қоғамға 20 қызметкер жіберілген.

Жиын соңында Әлібек Ибатоллаұлы: «Екі аптада бір рет мүгедектер күнін белгілеп, қабылдау өткізу керек» деген тапсырма берді.  Зағиптардың да ұсыныстарын ескеру керектігін қадап айтты.

  1. S. Жиын соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсететін қызметкерлердің сағатын көбейту мәселесі де сөз болды. Өйткені, қазіргі таңда белгіленген төрт сағат жеткіліксіз, соны сегіз сағатқа ауыстыру ұсынылды.  Оны тиянақты еңбек күні деп есептеу жөнінде де ұсыныс жасалды. Себебі, олардың еңбек өтілі, зейнетақы қоры есептелмейді екен.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз