Атырауда 24 көше мен 10 мектепке атау берілді

Өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте Білім

Қазіргі қоғам үшін өзекті мәселенің бірі – латын әліппесіне көшу. Бұл бағытта Атырау өңірінде қандай жұмыстар жасалуда? Аймақта ұлт тірегі саналатын тіл саясатына қатысты қандай мәселелер орын алуда? Облысымыздағы қазақ тілін меңгеру көрсеткіші қандай? Мұнайлы астанадағы неше көше қазақы атауға ие болды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабы  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Әсия Қыстаубаеваның қатысуымен өткен жиын 22 қыркүйекте аталып өтетін Қазақстан халқы тілдері күніне арналды.

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

Қолдаушылар – 92 пайыз

Латын графикасындағы бірыңғай стандарттың ұсынылуы – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін реформалау аясында іске асырылып жатқан жоба. Аталмыш қадам қоғамдық сананы жаңғыртудың аса маңызды тетігі ретінде қарастырылуда.

«Бұл ретте алдымызда тұрған міндет – облыс аумағында арнайы жасақталған кесте бойынша қазақ тілінің латын графикасына көшуін ілгерілету мақсатында бұқара арасында ұйымдастыру шараларын өткізіп, кеңінен насихаттау және түсіндіру» деп атап өтті аталмыш басқарма басшысы.

Айта кетелік, арнайы құрылған республикалық жұмыс тобымен ұсынылған бірыңғай стандарт жобасы таяуда жарияланды. Жыл аяғына дейін жинақталған ұсыныс, пікірлердің негізінде стандарт бекітіліп, мемлекеттік тілдің әліпбиіне латын графикасын енгізу, қолданыстағы құжаттарды аудару, бұқараны оқыту процесі бастау алмақ.

Жұмекен оқулары – республикалық деңгейде

Тіл саясатын насихаттау – маңызды мәселенің бірі. Бұл бағытта басқарманың ұйытқы болуымен бірнеше мәдени-бұқаралық, танымдық, әдістемелік шаралар өткізілген. Үш тілді меңгерген мемлекеттік қызметші жастардың арасында «Тіл шебері» байқауы, «Текті сөздің төресі – терме» атты термешілер сайысы, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің жарысы, қазақ тілін меңгерген түрлі этнос жастарының Абай оқулары – бұқараның кең қолдауына ие болған шаралардың бір тобы.

Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Мәселен, жыл аяғына дейін мұнай-газ саласындағы ұлттық терминология мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференцияны халықаралық  және Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын республикалық деңгейде өткізу жоспарланып отыр. Қазан айында өткізілуі көзделген қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі бойынша Батыс облыстары ғалымдарының қатысуымен болатын ғылыми-практикалық конференция  да – облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жүзеге асырғалы отырған жұмыстарының бірі.

Мен қазақша сөйлеймін!

Облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тілдерді оқыту өңірлік орталығында жыл басынан бері қазақ тілін үйрету бойынша 417 адам қамтылып, Ұлттық тестілеу орталығымен бірге «Қазтест» арқылы 4 мың адам тестіден өткізілген. Олардың ішінде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, әскери құрылымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері бар.

Мемлекет басшысы тарапынан қойылып отырған нақты тапсырманың тағы бірі саналатын үштілділікті дамыту мәселесіне орай, облыс тұрғындарының қазақ тілін меңгеру деңгейі жоғарылады. Биыл өткізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы көрсеткендей, жергілікті тұрғындардың 96,5 пайызы қазақ тілін меңгерген. Сондай-ақ, 14,8%-ы ағылшын тілін, 11,5%-ы  үш  тілді түрлі деңгейде меңгерген.

«Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деген болатын. Сонымен қатар, басқа тілдерді меңгеру арқылы бәсекелік артықшылыққа ие боламыз. Сондықтан, алдымен, қазақ тілін дамыта отырып, халықтың, әсіресе, жастардың үш тілді меңгеруіне ықпал ету аса маңызды міндет болып қала бермек» деді Әсия Баянқызы.

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!-2

Жаңа көше, жаңғырған мектеп

Ономастика саласы бойынша облыстық комиссия 24 көшеге ат беру, 333 көшенің бұрыннан қалыптасқан атауларын заңдастыру бойынша оң қорытынды шығарды. Қазіргі кезде мақұлданған атауларды ресми заңдастыру мақсатында қала, аудандар әкімдіктері тиісті шараларды алуда.

Атап өтерлік жаңалықтың бірі маусым айында Үкімет қаулысымен 10 білім беру мекемесіне атау берілді және қайта аталды. Бұл мектептер тарихи тұлғалардың, Ұлы Отан соғысы батырларының, «Алаш» қайраткерлерінің есімдерін иемденіп, жаңа оқу жылын жаңа атаумен бастаған болатын.

Айта кетелік, бұрын Үкіметтің осындай қаулыларын тиісті министрлік дайындайтын еді. 2013 жылдан бері мемлекет меншігіндегі объектілерге ат беру, қайта атауға қатысты қаулыларды дайындап, Үкіметтің қарауына енгізу жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Бұлғақтыны білесіз бе?

Өткенсіз бүгін жоқ. Аталған басқарманың ұйытқы болуымен жүзеге асқан жарқын жобаның бірі – «Атаулар тарихы». 15 тамызда басталған ғылыми экспедиция аудандарды аралап, жер-су, елді мекендер атауларының шығу, қалыптасу тарихын зерттеп, мәліметтер базасын жасақтауда. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген тапсырмалар аясындағы жоба 2017-2020 жылдары іске асырылмақ.

«Бүгінгі күні аталған экспедиция Құрманғазы, Исатай аудандарында өз жұмысын жүргізді. Қазан айында экспедиция Индер және Махамбет аудандарында жұмысын жалғастырады. Келесі жылы облысымыздың қалған өңірлерін аралап, экспедиция мәліметтерді жинақтау, сараптау, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 2019-2020 жылдары жинақталған мәліметтер негізінде кітаптарды баспаға дайындау, шығару, тарату жұмысымен айналысамыз.

Экспедицияның облысымыздың екі  ауданында жүргізген жұмысы барысында бұрын естімеген мынадай ақпараттар белгілі болды. Құрманғазы ауданындағы Бірлік ауылына қарасты құрамдас бөлік, физикалық-географиялық атау – шағын төбе «Бағлани» деп аталады екен. Шығу тегі белгісіз, кезінде алма бағы болған деген қауесет бар. Бұл ғылыми зерттеуді қажет етеді. Сол сияқты Кінаша өзені  атауының шығу тегін анықтау қажет. Осы ауданға қарасты Булгачинск өзенінің жағасында Булгачинский деп аталатын ауыл болған екен. Бұл атау орыс есімінен пайда болған деген ой қалыптасқан. Алайда, көнекөз тұрғындардың айтуынша, ауылдың ертеректе қазақы атауы бар Бұлғақты өзегінің жағалауында орналасқан болып шықты. Содан Булгачинский деп аталып кеткен. Немесе, бұрын шыққан жинақтарда Ақкөл ауылдық округі бойынша бір көлдің атауы енгізілсе, экспедиция жұмысының нәтижесінде бұл өңірде кезінде 30-ға жуық көл болғандығы анықталды. Олардың 18-нің атауы нақтыланды. Исатай ауданындағы Нарын ауылдық округіне қарасты Мұзтемір деп аталатын биік төбе, Мерген деген  биік шағыл бар екен. Алайда, осы атауларды көнекөз тұрғындар түсіндіре алмады. Яғни, бұл да ғалымдар сараптамасын қажет етеді» деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ә.Қыстаубаева.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз