Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды

20170704141959 Жаңалықтар

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Сағындық Лұқпанов тағайындалды. Жаңа лауазым иесін облыс активінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев таныстырды. Ал, бұған дейін бұл қызметті атқарған Ғұмар Дүйсембаев Сенат депутаттығына сайланған болатын.

20170704141959

– ҚР Парламент туралы және Сайлау туралы Заңдарына сәйкес Атырау облысынан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қыдырбайұлы Ищановтың өкілеттігі тоқтатылды. Қайрат Қыдырбайұлы Сенатта қызмет атқарған кезде өзінің білімін, біліктілігін, өмір тәжірибесін облыстың дамуына және қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін заңдардың қабылдануына ықпал еткен болатын. Сенаттағы белсенді депутаттардың бірі болды, – деп облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы сенатор Ғұмар Ислямұлының жаңа жұмысына сәттілік тіледі.

Президент Әкімшілігінің келісімімен, Атырау облысы әкімінің өкімімен аймақ басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Сағындық Есенғалиұлы 1983 жылы Гурьев темір жол көлігі техникумын бітірген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы нарық институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын Маңғышлақ белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер қызметінен бастады. 1983-1989 жылдары осы дистанцияда электромеханик, аға инженер, өндіріс учаскесінің бастығы, дистанция бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 1991 жылы Гурьев белгі беру және байланыс дистанциясына басшы,  1999 жылы Ақжайық бас белгі беру және байланыс дистанциясының директоры болып тағайындалды.

2002 жылы магистральды темір жол желісі Атырау бөлімшесінің директоры, кейін «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы магистральды теміржол желісінің бас инженері болып қызмет атқарды. 2007-2010 жылдар аралығында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша өкілдігінің директоры, 2010 жылдың сәуір айынан «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары, ал, сол жылдың маусым айынан  2012 жылдың  25  қаңтарына  дейін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып қызмет атқарды. V, VІ шақырылған Атырау облыстық маслихатының хатшысы болып сайланды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз