Атырау алып құрылыс алаңына айналды

Атырау алып құрылыс алаңына айналды Жаңалықтар

Атырау алып құрылыс алаңына айналдыОблыстағы құрылыс басқармасы үш мемлекеттік бағдарлама негізінде жұмыс жасауда. Олар: «Өңірлерді дамыту – 2020», «Қолжетімді баспана – 2020» және «Бизнестің жол картасы – 2020». Аталған бағдарламалар аясында биылғы алты айда атқарылған істер туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде басқарма басшысы Тілек Махуов есеп берді.
Бюджет қаржысы мақсатты игерілуде
«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 9,7 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде арнайы қордан 3,4 млрд. теңге қарастырылып, бұл қаражат Индер ауданындағы Индер поселкесін су, газ, электрмен жабдықтау жұмыстарына және Жылыой ауданы Құлсары қаласының Болашақ мөлтекауданына су құбырларын жүргізуге, Атырау қаласындағы Еркінқала, Қайыршақты, Жұмыскер, Кеңөзек ауылдық округтары мен Сарықамыс, Самал ықшамаудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына жұмсалды» деді Тілек Алдабергенұлы.
Ал, Ұлттық қордан бөлінген 4,1 млрд. теңге облыс орталығындағы Береке, Атырау ықшамаудандарын, Тасқала, Көкарна, Водников-3 ауылдарын, Қызылқоға ауданының Миялы селосы мен Құрманғазы ауданының Ганюшкин селосын су, газ, электр, жылу жүйелерімен қамтуға жұмсалған. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы да аудандардағы елді мекендер үшін мақсатты игерілуде.

Олқылықтар неге орын алды?

Басқарма басшысы облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және коммуналдық шаруашылық салалары бойынша салынып жатқан нысандар туралы да түсінік берді. Бүгінге дейін бірқатар жұмыс атқарылғанымен, орын алған олқылықтар да бар. Мәселен, кейбір жағдайда мемлекеттік сатып алуды бөлу кезінде қателіктерге жол берілген. Бөлінген қаржы мардымсыз жұмсалып, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілмеген. Соның салдарынан кейбір ғимараттар уақытында қолданысқа берілмей отыр.
«Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталған болатын. Кейін бөлек салынған ас үй ғимаратының іргетасында ақау бары анықталды. Сөйтіп, оларды қайта түзетуге тура келді. Қазір бұл жұмыстар аяқталуда. Аурухана қыркүйекте ашылады. Ал, ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға арналған гимназияның құрылысы 2012 жылы басталды. Жұмыс жобаның күрделілігіне, теңге девальвациясына байланысты тоқтап қалды. Жобалау құжаттарының мерзімі екі жыл бұрын өтіп кетті. Қазір құрылыстың 70 пайызы бітіп тұр. Қалған жұмыстарды жалғастыру үшін құжаттар жаңартылуда» деді Т.Махуов. Оның айтуынша, аталмыш ықшамаудандағы бюджеттік мектеп құрылысына өткен жылы 150 млн. теңге бөлініп, мердігермен келісім-шарт жасалғанымен, серіктес компанияның құжаттарында проблема бары белгілі болды. Арадағы келісім-шарт сот шешімімен бұзылып, бүгінде құрылысты қайта жаңарту жоспарланып, жағдай қатаң бақылауға алыныпты.
Бұдан басқа бірнеше ауданның кәріздік тазарту ғимараттарын жобалау, облыс орталығындағы 1200 орындық концерттік залды әкімшілік ғимарат етіп қайта салу жоспарланған. Сарайшық жағалауын бекіту, Жайық өзенінің суын молайту, қатты тұрмыстық полигонның жаңа он ғимараты үшін жобалық-сметалық құжаттарының дайындалып жатқаны да айтылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз