«Әскери даңқ» залы қайта жаңғыртылды

img 20201021 wa0073 Жаңалықтар

Atr.kz/22 қазан, 2020 жыл. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Әскери даңқ» залы қайта жаңғыртылды.


Бұған дейін университеттің Азаттық даңғылындағы ғимаратының бесінші қатарында орналасқан зал келушілерге, әсіресе соғыс ардагерлеріне қиындық келтіргені белгілі. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуді мақсат еткен «Әскери даңқ» залы енді жайлы да ыңғайлы орынға көшірілді. «Студенттер сарайындағы» жәдігерлер мен фотосуреттер Атыраудан майданға аттанған жауынгерлерге деген мәңгілік құрметтің белгісіндей еді.
Жаңартылған залдың ашылу салтанатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова мұнда майдангерлерге қатысты екі мыңнан астам құжат сақталғанын, жәдігерлердің қай-қайсысы да құнды екенін атап өтті.

Бүгін маңызды күн. Бейбіт өмір үшін жан аямаған майдангерлерді есте сақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. «Әскери даңқ» залы қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған ата-әкелеріміздің өшпес ерлігін дәріптейді. Университетте 2013 жылы ашылған музейге өлкетанушы Вячеслав Афанасьевтің еңбегі өлшеусіз. Ол отыз жылдан бері сұрапыл соғысқа Атырау топырағынан аттанған, қаза тапқан, із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді зерттеп, іздестіру жұмысымен айналысады. Енді жәдігерлер мен фотосуреттерді сандық нұсқаға көшіріп, заманауи электронды музей жасақтауды жоспарлаудамыз, – деді Г.Шакуликова.
Өз кезегінде шараға қатысқан В.Афанасьев майдангерлерді іздестіру жұмысына университет студенттерінің де белсенді қатысып жүргенін айтты. «Бұл бағыттағы игі істерді «Әскери даңқ» залы жанынан құрылған патриоттық клуб жалғастырады» деді ол.
Жалпы, «Әскери даңқ» залында 11 300 атыраулық жауынгердің есімі жазылған стенд орнатылған. Сонымен қатар, майдангерлердің ұрпақтары әкеліп табыстаған бұйымдар, фотосуреттер мен баспасөз материалдары бар. Ардагер журналист Любовь Монастырская да екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты жеке архивіндегі суреттерді тапсырды.
Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, «Былина» орыс этно-мәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Андрей Кораблев өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі «Әскери даңқ» залының атқарар рөлін атап өтті.


Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз