Асанға – медпункт, Сүйіндікке дәрігер керек

ZHedel zh rdem Жаңалықтар

Облыста ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиындары жалғасуда. Оларда жыл ішінде атқарылған жұмыстар баяндалуымен бірге проблемалар  ортаға салынуда.

ФОТО - МЕДИЦИНА

Мәселен, Асан мен Үштаған елді мекендерінің арасын байланыстыратын  жолды  жиі-жиі қар басып, қатынасқа қиындық тудырады. Сонымен қатар, ауылға  медпункт қажет. Ал, Үштаған ауылына пошта айына екі мәрте келеді. Оған қоса, ауылдықтар тіс дәрігері болса, интернет желісінің жұмысы жақсартылса деген ойларын  алға тартты. Мұның сыртында, пайдаланып отырған телефон қызметінің ақысын төлеу, күнделікті азық-түлікпен қамтуда да өзіндік қиындықтардың барын баяндады. Осыны оңтайлы пайдаланған кәсіпкерлер азық-түлік тағамдарын Ресейдің Қарабайлы қаласынан әкеліп, қымбат бағасына сатуда. Оның үстіне, ауылда әлі күнге мәдениет ошағы салынбаған.

Аудан орталығынан 250 шақырым шалғайда орналасқан Сүйіндік ауылдық округінде де қордаланған проблемалар аз емес. Мұнда Сүйіндік-Құрманғазы жолының қиындығынан тұрғындардың ауылдарына Қарабайлы қаласы арқылы қатынауына тура келеді. Мұнда  ауылда тұратын адамдардың шекарадан 36 келіге дейін азық-түлікті алып өтуіне рұқсат етілетін көрінеді. Электр қуатының да көршілерден жеткізілуі алыс ауылдағы ағайынға қиын тиіп тұр. Жалғызапан ауылындағы клуб 2013 жылы апатты жағдайда деп танылса, фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселесі де әлі күнге шешілмеген. Сол сияқты, Сүйіндіктегі орта мектеп-интернаттың жатақханасы да көптен жөндеу көрмеген. Ауылдағы жалғыз су таситын көлік тұрғындардың сұранысын қамтып үлгермейді. Бағасы да арзан емес екен. Адамдардың денсаулығын қадағалап, уақытылы ем-домын жасайтын дәрігер-маманның тапшылығы да ауылдықтардың басты проблемаларының бірінен саналады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз