Қарт Ембінің қарышты қадамы өңір келешегінің кемел екенін көрсетеді

Қарт Ембінің қарышты қадамы Жаңалықтар

Елбасының тапсырмасымен барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беруі дәстүрге айналды.  Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен осындай жиында Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов 2016 жылы атқарылған жұмыстар мен 2017 жылға белгіленген межелер жөнінде тұрғындар алдында есеп берді. Онда мұнайлы мекендегі оңды өзгерістермен қатар, шешімін күткен түйінді мәселелер де ашық ортаға салынды.

Қарт Ембінің қарышты қадамы

Екі бірдей ықшамаудан бой түзейді

Айта кету керек, есепті басқосудан бұрын, бейсенбіде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аудан орталығы Құлсары қаласында жаңадан салынуы жоспарланған «Атырау»  және  «Болашақ»  ықшамаудандарына тартыла бастаған инженерлік  инфрақұрылымдар бойынша атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.

Моноқалада көптен бері шешімін күткен проблеманың бірі – тұрғындарға жеке тұрғын  үй  құрылысына қажетті жер телімін бөлу. Жоғарыда аталған ықшамаудандардың жоспарлануына  байланысты енді бұл мәселенің де түйіні тарқатылатын болды. Қазіргі  уақытта бұларға бірінші кезекте керекті  электр желілері мен ауыз су құбырларын тарту жұмыстары басталып та кеткен.

Нақтылай кетсек, 804 жер теліміне есептелген «Атырау» ықшамауданына электр желілерін жүргізу жобасының сметалық құны 251,9 млн. теңгені құраса, өткен жылы соның 69,9 млн. теңгесі игерілген. Қалған 182,0 млн. теңгесін 2017-2018 жылдары игеру жоспарланған. Ұзындығы 36 шақырымды құрайтын электр желісінің 10 шақырымы да 2016 жылдың соңында тартылып, 889 бағана тұрғызылған.

Қолға алынған шаруаның бірі – ауыз су құбырын тарту. Оның жобалық құны – 412,9 млн. теңгені, ұзындығы 65 шақырымды құрайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жоспарланған бұл жұмыстарды мердігер мекемелер «Диар және Компания» мен «Раза Строй» ЖШС-тері атқаруда. Енді жаңа ықшамауданға табиғи газ желісін тарту  жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Бұл жайында аудандық сәулет, құрылыс және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Айбек Жәлелов мәлімдеді.

Салалық бөлім басшысының айтуынша, дәл осындай жұмыстар «Болашақ» ықшамауданында да жүргізіледі. Білгеніміздей, мұнда да кезекте тұрған 2000-нан астам адамға үй салуға жер телімі бөлінеді. Электр желілері құрылысына 482,8 млн.  теңге және су жүйесін жүргізуге 953,0 млн. теңге жұмсалады. Бұнда да жоспарланған жұмыстардың  бір бөлігі жүзеге асырылған. Осылайша, екі жоба бойынша 111,9-165,1 млн. теңгенің игерілуі қамтамасыз етілген.

Осылардан хабардар болып, игі бастаманы құптап, кейбір туындаған мәселелерге тоқталған облыс әкімі келесі кезекте дарынды балаларға арналған лицей-интернатына ат басын тіреді. Жүздің үстінде шәкірт дәріс алатын білім ордасының жағдайымен, олардың биология, химия, физика және робототехника пәндерінен дайындаған ғылыми жобаларымен танысты. Оқушылардың ұстаздарымен де жүздесіп, білімге құштар өрендердің болашақтарына сәттілік тіледі.

Мұнан кейін облыс әкімі осындағы қалдықтарды қайта өңдеу өндірісіне («Эко-Техникс» ЖШС) ат басын тіреді. Кәсіпорынның бұл бағытта жүргізіп жатқан жұмыстарынан хабардар болды. Заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде мұнай қалдықтарының жоғары сапада өңделіп, экологиялық проблемалардың да шешілуіне атсалысып отырған компания басшылығына өзінің тарапынан кейбір ұсыныстарын айтты.

Түсқайта аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған көрмені тамашалаған аймақ басшысы өңірде шағын және орта бизнес субъектілері санымен қатар,  сапасының да жоғарылай түскендігіне куә болды. Олардың өндірген өнімдері мен ұсынған қызметтерін көзімен көріп, лайықты бағасын берді. Сонымен қатар, пайдаланудағы  ауыз су айдайтын және құрылысы аяқталмаған кәріз суын айдап, тазарту стансалары мен теміржол вокзалы да назардан тыс қалмады.

Вокзал талапқа сай ма?

Облыс  әкімінің  көбірек көңіл бөлгені аудан жұртшылығы үшін аса маңызды нысан – теміржол вокзалы. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары елу адамға шақталып салынған бұл ғимарат  бүгінде ескірген, уақыт талабына сай келмейді.

Осы жайларды ескере отырып, жаңа вокзал салу жөнінде «Қазақстан теміржолы» ҰК»  АҚ басшылығына ұсыныс жолданғанымен, бұл мәселе түпкілікті шешімін таппаған. Ұлттық компаниядағылар әзірге оны күрделі жөндеуден өткізуге тоқталған. Қалыптасқан жағдайға қаныққан облыс әкімі қайткен күнде де орын алған проблеманың  түйінін тарқатып, жаңа теміржол вокзалын салатын мезгіл жеткенін атап айтты.

Жылу қазандықтары – назарда

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың ауданға сапары кезінде облыстағы жылу беру маусымының барысын талқылаған жиын өтті. Оған облыстың коммуналдық шаруашылығына жауапты басшылары қатысты.

Мәжілісте облыс тұрғындарының жеке қазандықтарды қауіпсіздік ережелерін сақтамай пайдаланып отырғаны сөз болды. Мәселен, Жылыой ауданында жеке қазандықтың 1858 пәтерде жағылып отырғаны, бірақ, солардың 50-інің ғана қауіпсіз екені айтылды. Мұндай жауапсыздықтың салдарынан былтыр облыста 41 адам газдан уланып, бір кісі қаза болған.

Әр аудан ерекшеліктерін ескеріп, мәселені реттеудің өзінше жолдарын ұсынды. Жылыой ауданының әкімі «Тұрғындардан ережені сақтауды талап етеміз, болмаса оларды орталық жылу жүйесіне қосамыз» десе, Махамбет ауданының өкілі мәселені бір топ пәтерге ортақ қазандық орнату арқылы реттейтіндігін айтты.

– Балықшы кентінде тұрғындардың көбі артық жұмыстан қашып, есіктерін ашпайды. Сол себепті, қазандықтарды толық тексеріп шыға алмай отырмыз, – деді Атырау қалалық  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар  көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қазандықтар мәселесін келесі жылыту маусымына дейін шешу керектігін баса айтып, құзырлы мекемелер басшыларына тапсырмалар берді.

Шахандағы жарылыстан соң Атырауда кемі 1800 пәтер орталық жылыту жүйесіне қосылу  мүмкіндігі қарастырылатын болады.

– Қазандықтар мәселесін шешу, ең алдымен, тұрғындардың өздері үшін қажет. Қиын кезеңдерде халық жылыну үшін қазандықтарды асығыс  орнатып алғанын жақсы түсінеміз. Дегенмен, қазір жағдай түзелді. Қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бұл – ең алдымен, әр адамның, әр отбасының жеке қауіпсіздігі. Соны халық түсінуі керек. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Қарт Ембінің қарышты қадамы-2

Жүктелген міндет орындалуымен ҚҰНды

Жылыой ауданына  екі күндік жұмыс сапарының алғашқы күнін қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев берілген тапсырмалардың орындалысына да назар аударды.  Бұл туралы аудандық мәдениет үйінде өткен мәжілісте аудан әкімі Мақсым Шафихұлы баяндады.

Бұдан бұрынғы өңірге жасаған сапарында облыс әкімі аудандағы ең өзекті деген 16 мәселеге айрықша көңіл бөліп, оларды ретке келтіру жөнінде міндет жүктеген-ді. Солардың  төртеуі  толықтай  орындалған. Атап айтқанда, аудан орталығынан Шоқпартоғай ауылына қатынайтын автобус рейсінің саны төрттен алтыға көбейтілген. Осы елді мекеннен дәріхана ашуға қажетті ғимарат табылған. Майкөмген елді мекенінде балабақша мен денешынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады.  Жоба қаржыландырылу үшін ТШО-ның «Игілік»  бағдарламасына енгізілген. Тұрғызба ауылында ауыз су құбырын тартуға мердігер мекемемен келісім жасалынған.

Екі  мәселе шешімін табу сатысында.  Біріншісі – Ақмешітке биіктігі 53 метрлік қабылдау қондырғысы қойылған, енді сенімді байланыс орнатылмақшы. Екіншісі – шағын шаһардағы орталық емхана жанынан көліктер үшін автотұрақ салу жоспарланған. Сондай-ақ, аудан орталығынан заманауи үлгідегі кітапхана мен мұражай салу, Жаңа Қаратон кентіндегі емхананы кеңейту, «Құлсары–Ақкиізтоғай»  тасжолын жөндеуді аяқтау, осында округ әкімшілігі ғимаратын тұрғызу, Майкөмгенде мектеп құрылысын жүргізу, Ақкиізтоғайдан Ақмешітке жол тарту ағымдағы жылдың еншісіне қалдырылған. Теміржол вокзалын жаңадан салу мен «Алматы–Маңғыстау»  жолаушылар пойызының Құлсары стансасы арқылы өтуін қамтамасыз ету де үстіміздегі  жылдың үлесіндегі шаруа екендігі мәлімделді.

Атқарылған шаруа аз  емес…

Аудандық мәдениет үйінде өткен тұрғындар жиынына қатысушы жылыойлықтар аудан әкімі Мақсым Ізбасовтың «Жылыой ауданының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2017 жылға арналған міндеттері туралы» баяндамасын тыңдады.

Есепті мерзімде өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі  3 трлн. 909 млрд. теңгені құрады. Жыл ішінде  30 млн. тонна мұнай мен 15,2 млн.  текше метр ілеспе газ өндірілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 182,6 млрд. теңгеге жетті. «Таза су» бағдарламасы шеңберінде Ақкиізтоғай, Майкөмген және Шоқпартоғай ауылдарына ауыз су жеткізілді.

Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентіне республикалық және жергілікті бюджеттерден 207,9 млн. теңге бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 10,8 шақырымдық «Құлсары–Шоқпартоғай» кірме  жолы күрделі жөндеуден өткізілді. Осындай жұмыспен Ақкиізтоғай бағытындағы 33 шақырым жол да қамтылды.

Ауданда 7479 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оларда 12850 адам жұмыс жасайды. 2015-2019 жылдарға арналған республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында үш бірдей серпінді жоба жүзеге асырылып, қатарға қосылды.

Өңірде ауыл шаруашылығымен шұғылданатын бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 240 қожалық бар. 16384 мүйізді ірі қара, 67176 қой-ешкі, 7360 жылқы, 7747 түйе және 167112 құс өсірілуде. Олардан 5513 тонна ет, 5626 тонна сүт және 31812 мың дана жұмыртқа өндірілді. Барлығы 150 гектар жерге егін егілді.

Ауданда атқарылған жұмыстардың есебін берген аудан әкімі Мақсым Ізбасов аймақ басшысының тарапынан берілген 16 тапсырманың 11-і орындалып, үшеуі атқарылу үстінде екендігін, ал, екі тапсырма өз шешімін таппай отырғандығын айтты. Дегенмен, облыс әкімі Майкөмген ауылындағы 300 орындық орта мектеп құрылысын салуға аудан билігі тек ұсыныс дайындаумен ғана шектеліп, тапсырманың әрі қарай орындалуына селқостық танытқандығына орынды ренішін білдірді.

– Сіз өз есебіңізде менің тапсырмамды орындалды деп баяндадыңыз, ал, шын мәнінде бұл тапсырма неге орындалмаған? Мектеп салу жөнінде тапсырма берілді. Бұған өзіңіз ұсыныс жасадыңыз. Енді бұл тапсырма менің орынбасарларым мен басқарма басшылары арасында әрлі-берлі қақпақылданумен жүр. Мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын, тиісті қаражаты бөлінді. «Атқарылмаған істі орындалды» деп жалған мәлімет беруге болмайды. Сіз мен үшін емес, қызмет ететін адамдар үшін жұмыс жасаңыз. Есеп бергенде бұл ауылдың тұрғындарына жеңіл болады дейсіз бе? Ал, мектеп әлі күнге жоқ, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Жиында Жылыой ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Нұрмұхаммед Есенәліұлы, жергілікті қаламгер Бүркіт Базарбаев және басқалар сөйлеп, өздерін толғандырып жүрген жайларды ортаға салды.

Айтылған әңгімені мұқият тыңдап, зерделеген облыс әкімі  басқосуды қорытындылап, берілген сұрақтарға рет-ретімен жауап қайтарды.

Бұдан соң облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Дәулетқали Аруев,

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

ЖАРЫССӨЗДЕН:

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ,

аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

– Ауданда 80 мыңдай халық тұрады. Олардың бірлігі мен тату тірлігі арқасында өңірімізде саяси және діни ахуалдың тұрақтануына жол ашылуда. Бұған осындағы үкіметтік емес ұйымдар да өз үлестерін қосуда.

 

Аманбек МҰХАНОВ,

аудандық мәслихаттың депутаты:

– Құлсары қаласында әрқайсысы 60 пәтерлік үш қабатты бес үйдің бой көтеріп, пайдалануға берілгенін айтқым келеді. Бұл үрдіс алда да жалғасын табатындығына сенімдімін. Елді мекендерді байланыстыратын жол, басқа да инфрақұрылымдар тартылып, тұрғындардың демалыс орындары, саябақтар көбейіп келеді. Халықтың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына да қолайлы жағдайлар туғызылуда.

 

Ләззат  СӘУІР,

Құлсары қаласының тұрғыны:

–  Аудан орталығындағы басты проблема – жолаушы тасымалы. Маршруттағы автобустар кешкі сағат алтыдан кейін тоқтап қалады, қозғалыс кестелері сақталмайды. Екінің бірінің таксиге мінетін жағдайы жоқ. Көліктердің кешкілікте жүрмейтіні сабақтан шығатын балаларға қиын. Сондықтан, бұл міндетті мойнына алған мердігер мекемелер мен жауапты тұлғалардың жауапкершілігін көтеру керек.

 

Жарылғасын БАЙЖАНОВ,

шаруа қожалығының басшысы:

– Шаруа қожалықтары қоныстанған елді мекендердің біразына табиғи газ құбыры мен электр желісі тартылды. Мүмкіндігіне қарай, өзгелері де осындай инфрақұрылыммен қамтылса, шаруаның жайы да, шаруагерлердің жағдайы да жақсара түсер еді.

 

Асылбек ШЫҢҒЫСОВ,

«Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Мені бастауын Мұғалжар тауларынан алатын Жем өзенінің тағдыры толғантады. Ауданда су тапшылығын болдырмас үшін Аралтөбеден су қоймасын жасақтау ойластырылған. Бірақ, оның өзі ақылдасып, кеңесіп шешетін мәселе. Соның аяқсыз қалмағанын қалаймын. Құлсарының ішімен өтіп жатқан Құрсай өзегіне қатысты да проблема жетерлік.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз