Ардагерлерге – азық – түлік купоны

Ұлы Отан соғысы Жеңісіне биыл 71 жыл толады. Осынау тарихи датаға және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырау қалалық әкімдігі қала басындағы 60 ардагерді «Joy» мейрамханасына шақырып, оларға айрықша құрмет көрсетті. Олардың арасында өздігінен жүре алатындары да, үйінен екі адым ұзап шыға алмайтындары да, тіпті төсек тартып қалғандары да бар екен.

Қандай құрметке де лайық ардагерлер алдында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев құттықтау сөз сөйледі. Ол ел басына қиын-қыстау күн туғанда аға, әкелеріміздің жарқын болашақ жолында жан аямай күрескенін айтып, «қазіргі ұрпақтың осындай бақытты күнге жетіп отырғаны сол кісілердің арқасы» деді. Осындай жылы лебізді «ТШО» ЖШС бас директоры Тед Этчисон да жеткізді.

– Әрине, менің жасым сіздерден әлдеқайда кіші, бірақ, мен туған еліңіз бен жеріңізді қандай қиындықпен қорғағандарыңызды жан-тәніммен түсінемін. Осы отырған бәріңізге басымды иіп, құрмет көрсетемін! – деген Тед мырзаның тілегіне ардагерлер алғысы жалғасты.

Қайырымдылық акциясының басты сыйлығы ардагерлерге таратылған азық-түлік купоны еді. Біріне тартса, екіншісіне жетпейтін, үнемі дәрі-дәрмекпен жүретін ардагерлер купонда көрсетілген 140 мың теңгенің азық-түлігін жыл соңына дейін алатын болды. Ал, бұл – олар үшін үлкен көмек!

Қалалық әкімдік ұйымдастырған қайырымдылық акциясында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының өнер шеберлері – Эльдар Қойшыбаев, Бақытгүл Ізбасарова, Зарина Қабдолова, Әсет Әлиев, Айбар Ғаниұлы, ағайынды Мерей мен Мейіржан Қабдоловтар, баянист Валерий Лебедев – бәрі қарттарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша бұл есте ұзағырақ сақталар шараға айналды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз