АРДАГЕРЛЕРДІ ҰЛЫҚТАДЫ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев пен «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс аймақтық филиалының директоры Жеңісбек Лұқпанов облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне маңдай тіреп, осындағы ардагерлерді алдағы мерекемен құттықтады.

 

Осында Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Славов та тұрады. Одесса облысында туып-өскен ол отты жылдарда Батыс Украина майданына қарасты саперлер батальонының құрамында болған. Осында бірнеше мәрте кескілескен ұрыстар мен қанды шайқастарға қатысқан. Атақты Сталинград шайқасының да бел ортасынан табылған. Талай қиындықтарды да бастан кешірген. Қалай дегенде де Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан. Соғыстан соңғы халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында, кейінгі кезеңде де ел игілігі жолында аянбай еңбектеніп, ортақ табысқа өзіндік үлесін қосты. Соғыс және еңбек ардагері Николай Николайұлына алдағы мерейтойға орай құрмет көрсетіп, ақшалай сыйлығын тапсырды.

Сол күні қала мен кәсіпорын басшысы Атырау өлкесі ардақтыларының бірі Айдын Айбаровтың да үйінде болды. Отты жылдарда әскери әуе күштерінің құрамында бейбіт кезеңде де еліне адал қызмет еткен ағаның жасы бүгіндері 94-ке аяқ басқан. Мағыналы ғұмырының саналы бөлшегін өнегелі істерімен өткеріп келе жатқан ағаның ұрпағы ұлағат тұтар іздері де аз емес. Жүздесу барысында осының бәрі әңгіме арқауына айналды. Көрсетілген құрмет пен ізетке разылығын жасырмаған ақсақал да өз кезегінде алдағы мейрамымен құттықтап, қошеметтей келген ел ағаларына рахметін айтып, батасын берді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз