
«Ара» шеберханасының жаңа тынысы
Махамбет ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін «Ара» атты шағын ағаш өңдеу цехы жаңа құрал-жабдықпен толықты. Бұл игі іс – NCOC компаниясының әлеуметтік жобалар бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Бұған дейін ағаш бұйымдарын қолдан жасап, өз шығармашылығын өмір салтына айналдырған цех шеберлері енді заманауи өндірістік құралдардың көмегімен кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алып отыр. Мұнда жиһаз дайындау, ағаштан түрлі тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасау ісі жолға қойылған. Қазіргі таңда жаңа жұмыс орындары ашылып, шеберлер үшін өз ісін дамытуға жағдай жасалып келеді.

Осы айда NCOC компаниясының қолдауымен цехқа жиек қаптау және фрезерлеу-нақыштау станоктары, вакуумдық сорғы, тегістеу жабдықтары, жоңқа сорғыш станоктар мен тігін машинасы әкелінді. Мұның бәрі шеберхана жұмысын кәсіби деңгейге көтеруге жол ашпақ.

Аталған компанияның мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар бағдарламасының басты мақсаты – ерекше жандарды оқыту мен еңбекке баулу, оларды қоғам өміріне белсенді түрде тарту мен кәсіби тұрғыда дамуына қолғабыс ету. Бұған дейін де осы бағдарлама аясында мүгедектер қоғамына арнайы жабдықталған ГАЗ 32212 көлігі табысталғанын айта кету керек. Бұл көлік ерекше күтімді қажет ететін жандарды қауіпсіз әрі жайлы тасымалдауға пайдаланылып келеді.
Еске сала кетсек, «Ақжол» мүгедектер қоғамы 2016 жылы құрылған болатын. Бірлестік қызметкерлерінің айтуынша, 2019 жылы «Инватакси» қызметі іске қосылған. Ал «Ара» ағаш өңдеу цехы 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

NCOC компаниясы осындай нақты істер арқылы қоғамдық инклюзияны дамытуға үлес қосуда. Шын мәнінде, жалпыға ортақ жанашырлық пен тең мүмкіндікті ұсыну – тек сөзбен емес, дәл осылай іспен жүзеге асса керек.

