АР АЛДЫНДА ДА, ЗАҢ АЛДЫНДА ДА АДАЛ БОЛ!

Сыбайлас жемқорлық – қоғам болып күресер індет. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің аса маңыздылығы мен өзектілігін түсіне отырып, қоғамның барлық күшін оған қарсы жүйелі күреске жұмылдырып келеді. Осы орайда, аталмыш партияның «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасынан» күтілер нәтиже зор.

Кеше «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен саяси кеңестің кеңейтілген отырысында аталған бағдарлама жобасы кеңінен талқыланып, бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды.

«Нұр Отанның» ХV съезінде партия Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «саяси көшбасшылықтың түбегейлі мәселесі – біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес стратегиямыз» деген сөзі– ел келешегі мен азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін осынау жаңа бағдарламаны жасақтауға түрткі болған.

Жиынды ашқан партияның облыстық филиалы төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Бұл бағдарлама сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім беруде барлық  деңгейдегі қызмет үлгісін құруды мақсат етіп отыр. Ол – «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» идеологиялық брендін ілгерілету. Осыған сәйкес, әртүрлі алаңдарда бағдарлама жобасын кеңінен талқылауды ұйымдастыру үшін үкіметтік емес ұйымдар арасынан, ең алдымен «STOP-қылмыс» партиялық жобасының шеңберінде сарапшы-серіктестер мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстанның азаматтық альянсы, ардагерлер және кәсіптік одақ ұйымдары, шығармашылық интеллигенция, «Жас Отан» ЖҚ және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылды» деп айтып өтті.

Облыстық партия филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Сайын Қуанышев жиын барысында жобаның көздеген межесі жайында толық таныстырып өтті. «Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту – бағдарламаның басты мақсаты,– деді ол. – Аталған мақсатқа жету мемлекеттік билік пен басқару органдарының, сондай-ақ, корпоративтік бизнестің қызметіне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейтуді, халықаралық стандарттарды ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын жетілдіруді талап етеді. Сол секілді, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетіп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды және тәрбие мен білім берудің сатыларында жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін құру арқылы да көздеген мақсатымызға жетуді жоспарлап отырмыз».

Осы уақытқа дейін тұтастай республика көлемінде әртүрлі аудиторияларда жоба кеңінен талқыланып келеді. Бұл үрдістен Атырау өңірі де қалыс қалмай, қоғамның әр саласына қатысты азаматтардың басын қосқан алқалы жиындар барысында бағдарламаның маңыз-мақсаты кеңінен түсіндіріліп, халық тарапынан кең қолдауға ие болып отыр. Бұл туралы бағдарлама жобасын талқылауға қатысты өз пікірлерін білдірген кеңес мүшелері айтып өтті. Мәселен, Индер аудандық партия филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Жанай Амантурлин: «Аудан көлеміндегі кез келген құрылыс нысанының партия бақылауында тұрғаны халықтың көңіліне сенім ұялатып, ол жұмыстардың жемқорлықсыз жүзеге асырылатынына кепіл болады» десе, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің редакторы Нұрым Ерғалиев те бағдарламаны талқылауға қатысты жиындарда қатысушылардың белсенділік танытып, өз ұсыныс-пікірлерін білдіргендерін айтып өтті. Ал, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, Құрманғазы аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұлмекен Сапарова: «Жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың қызметке орналасуына қатысты арнайы механизм қалыптастырсақ» деген ұсынысын жолдады.

Өз кезегінде аталмыш бағдарлама жобасын талқылау мақсатында бірнеше рет жұртшылықпен жүздесу ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бақытгүл Хаменова: «Қалай болғанда да жемқорлық – үлкен дерт. Бұл – қоғамның ішкі дерті. Параны алатын да, беретіндер де – жеке тұлғалар, нақты адамдар. Бір күнде олардың ар-ұятын ояту оңай емес. Бұл үшін сындарлы және мақсатты жұмыс керек. Еліміздің жетекші партиясы сол жұмыстың бәрін бағдарлап, елге ұсынып отыр. Бағдарламаның басты тетігі – жемқорлықты жою. Көптеген жағдайда қарапайым азаматтардың заң саласына қатысты сауатсыздығы, өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмеуі сыбайлас жемқорлықтың көрініс табуына жол береді» деді ол.

Саяси кеңес отырысының қорытындысында арнайы қаулы қабылданып, «талқылау кезіндегі ұсыныстар «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратына жолдансын» деген шешім қабылданды.

Жиын соңында облыстық партия филиалының саяси кеңес мүшелеріне жаңа үлгідегі партия билеттері берілді. Салтанатты жағдайда жаңа билеттерді табыстаған облыстық партия филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Баршаңызға мықты денсаулық, ел алдындағы еңбектеріңіз еленіп, абыройлы қызмет етулеріңізге тілектеспін» деген ізгі ниетін білдірді.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз