Ана – жүрек

837 b Жаңалықтар

Соғыстан кейінгі жылдары Орыншаның әкесі Арыстан Оралда жоғары оқу орнын мал дәрігері мамандығы бойынша бітіріп, алыстағы Азғыр аймағына жіберілген. Ол кезде қазіргідей көлік те жоқ. Қажет құралдарын атқа теңдеп алып, отарларды аралап жүре беретін. Содан ауыл мектебіне жолдамамен келген мұғалимамен танысып, көп ұзамай үйленеді. Өмірге Орынша есімді қызы келеді. Қайран әке осы перзенті бірінші сыныптың табалдырығын аттар тұста жол апатынан қаза табады. Шешесі Жайсаң жеті жасар қызымен қалса да ерінің шаңырағын сақтауға серт етеді.

837_b

Жылжып жылдар өтті. Бұрынғы ұжымшарлар кеңшарларға біріктіріліп, Сүйіндік пен Балқұдық Гурьев облысының Теңіз ауданына берілді. Бұл кезде Орынша да мектебін тәмамдап, Гурьев педучилищесіне түскен-ді. Шешесі Азғырда, өзі осында үш жылдай бөлек жүрді. Жиі қатынасуға жер де шалғай.

Бұл оқуды да сәтті аяқтады. Ауылға жолдама болуы мүмкін екендігін білсе де, қалада қалуды қалады. Кейін шешесін көшіріп алар. Өзімен ақылдасып еді, бар ғұмырын қызына арнап келе жатқан анасы: «Қарағым, алдымен өзіңнің болашағыңды ойла. Әкеңнің шаңырағын біраз ұстадым. Зейнетке шыққан соң мен де қасыңа барамын. Бір адал сүт емгенге жолықтырғай сені» деді. Орынша әдемі қыз еді. Үш жыл қалада болғанында көз салғандар да табылған. Бірақ, алдымен оқуын бітіруді мақсат еткен қыз ешкімге де селт етпеген.

Содан бір күні өзімен үнемі №2 автобусқа бірге мінетін балаң бозбалаға көзі түсті. Ол да бұған көңіл аударып, орын ұсынып жатады. Сол кездейсоқтық таныстыққа ұласты. Жігіт бірер мәрте үйіне де  шығарып салды. Арада көзге көрінбейтін сиқырлы сезім оянып келе жатқандай.

 

Серік бір жылдың ішінде әке-шешеден бірдей айырылып, кішкене қарындасы Қамқамен қалған-ды. Өзінен жеті-сегіз жас үлкен ағасы Қамбар отбасылы болғанымен, өте жуас еді. Қос жетімге соны паналауға тура келді. Жеңгесі нағыз адуынның өзі болып шықты. Олардың кішкене балаларын бағу, күнделікті жуындыру жеті жасар Қамқаның міндетіне айналған. Жеңгесі жөнді тамақ та бермейді, орынсыз тілдеп те алады. Өзі де салқын су мен қатқан нанды қорек етіп жүргенімен, қарындасына қатты жаны ашиды. Бірақ, қолдан келер дәрмен жоқ.

Содан бір күні көрші облыстан әйелімен нағашы ағасы келді. Бірер күн жандарында болғанында жағдайды аңғарса керек, Қамқаны алып кетуге шешті. «Есін біліп, етегін жиған соң табысарсыңдар, әзірге бізде болсын» деді. Өзіне жаутаңдаған қарындасын қимаса да, Серік келісім берді. Оның жеңгесінің тепкісінен құтылғанына қуанды. Ағасында үн жоқ, жеңгесі жұмсайтын адамынан айырылып қалатынын ойлап, іштей тынып отыр. Ауылдың шетіне дейін өзі шығарып салды, аға-жеңгесі оған да жарамады.

Содан мектеп бітірген соң әлдекімдерге ілесіп қалаға келді. Досының жездесі құрылыс-тауарлар базасын салып жатыр екен. Сауаттылығын, тындырымдылығын байқаса керек, мұны жұмысқа алды. Тіпті, екеуін үйіне де жатқызды. Кейін бір бөлмелі пәтер берді. Он сегізге толғанында қойма меңгерушісінің көмекшілігіне ауыстырды. Қойманың кілті елуге келіп қалған Бипыл апасында. Оның шын есімі Нұрыш екенін де кейін білді. Мұнда да жақсы жағымен көзге түсті. Мұның жағдайын  сұрап білген апайы да барынша қамқорлады.

Кейін жиырмадан енді асқан Серікті супермаркет дүкенінің меңгерушілігіне тағайындады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қолға алынып жатқан істің бәрі – жаңа. Астына «Газель» көлігін бекітті. Соның алдында Орыншамен танысқан. Енді үйленбек ойы бар. Қыз да қарсы емес секілді. Содан бір күні әке-шешесінің үйін көрсетпек, аға-жеңгесімен таныстырмақ оймен соларға келген. Салқын қарсы алды. Той шығынынан да қашатын тәрізді.

Серік үйден көңілсіз шықты. Бірақ, Орыншасын ертіп, әке-шешесінің басына барды. Жігітінің жағдайын қыз да түсінді. Өзінің де қолы қысқа анасы той жасап, ұзата алмайтынын айтқан. Жылап тұрып батасын берген. Енді Орынша:  «Серік, қапаланба, әке-шешеңнің басына бардық, дұға оқыдық. Перзенттік борышымызды атқардық. Олардың рухы бізді қолдайтынына сенемін» деді.

Серік жұмыстастарымен ақылдасты. Мұндағылар қатты қуанды. Үлкен бастығы той шығынын өзі көтеретінін, бүкіл жасауымен екі бөлмелі пәтер сыйлайтынын айтты. Тойға Орыншаның он шақты курстастары мен Серіктің жұмыстастары қатысты. Азғырдан ат арытып екі-үш адаммен Орыншаның анасы келді. Тек Серіктің аға-жеңгесі көрінбеді, жастардың қуанышына ортақтаспады.

Келесі жылдың күзінде шекесі торсықтай ұл өмірге келді. Жұмыстастары, әсіресе, Нұрыш апайы қатты қуанып, сәбидің атын Қуаныш деп қойды. Алыстан Жайсаң аналары келіп, шілдехана жасады. Ол көп ұзамай зейнетке шығып, осында біржола көшіп келді. Екінші жиенінің есімін Қайрат деп өзі қойды. Енді екеуінің тәрбиесін де өз қолына алды. Бәрі қалыпты өтіп жатқан. Бұлардан артық бақытты жандар жоқтай көрінген. Бірақ, тағдырдың тағы бір сыны бар екен.

Соңғы күндері Серіктің мінезі өзгере бастады. Бұрынғыдай жайдарлылық сезілмейді. Орынша аңғарса да, байқамаған сыңай танытты. Ал, Серік бұл кезде базадағы есепші қыз Бағиламен кездесіп жүрген. Кейде үйге қонбай қалуды да шығарды. Орынша Нұрыш апайымен кездесіп, болған жайды соған ғана айтты. Бұл кісі ақылды ғой, ешкімге сездірмей өзі байқап көрген. Сөйтіп, Серік пен Бағиланың сырын білді. Жігітті шақырып алып, ақылын айтты. Ол да қызбен арадағы байланысты тоқтатуға уәде берді. Бірақ, оқиға мұнымен аяқталмаған-ды.

Бір күні үйге Бағила келді. Өзінің Серіктен жүкті екендігін, барар жерінің жоқтығын айтып, зар иледі. Ата-анасы да ертеректе қайтыс болып, аға-жеңгесінің қолында тұрады екен. Ауылға қайтар беті де жоқ. Орынша, әрине, күйеуімен көңілдес болған қызды қабылдамады. Бағила жылаған күйі үйден шығып кетті.

Отбасы ісіне Жайсаң ана араласпаған. Бірақ, қызының дұрыс шешім аларына сенімді еді. Расында, Орынша бастапқыда Бағилаға қатты ренжігенімен, кейін оны түсінгендей болған. Өмірге келер сәбиді ойлаған. Оның ертең әкесіз өсеріне налыған. Болашағы қиын боларына қапаланған. Өзін анасының қалай жалғыз өсіргені есіне түсті. Сөйтіп, Бағиланы іздеп тапты.

Нәрестені өмірге әкелуге кеңес берді. Аға-жеңгесін сендіру үшін сәбидің әкесі студент, Алматыда оқуда екенін айту керек. Оны Серіктің атына жаздыруды міндетіне алды. Сөйтіп, күйеуінен жасырын Бағиламен байланысын үзбеді. Уақыты келгенде ол да босанды. Орынша атын Жігер деп қойып, әкесі ретінде күйеуін атады. Туу туралы куәлікті алды. Бағиланы нәрестесімен ауылға шығарып салды. Серік мұның бірін де білмеді.

Өзі бір күні түскі асқа келсе, үйінде Қамбар ағасы әйелімен отыр. Қатты қуанды. Орынша екеуі үйленген төрт-бес жылдан бері байланысы жоқ еді. Құшақтай алғысы келді. Одан әке-шешесінің, туған жер топырағының исі шығып тұрғандай көрінді.

Бірақ, аға-жеңгесі салқындық танытты. Шаңырағына, қос ұлына «құтты болсынды» да жөндеп айта алмады, балаларына сыйлық та ұсынбады. Әңгіме арасында Серікке үйді қайта салып жатқанын, соған құрылыс материалдарымен көмектесуді айтты. «Сенің де әке-шешеңнің үйі ғой» дегенді қосып қойды. Сол үйге бұларды сыйғызбай жібергенін ұмытып та кеткендей.

Базаға келген соң аға-жеңгесі қымбат нәрселерді көрсетіп, «Бізге арзанға ананы бер, мынаны әпер» деп әбден мазасын алды. Содан Серік те «Қаржыларыңа қарай алыңдар» деп ыңғай танытпады.

Кешке үйіне жалғыз келген күйеуіне Орынша таңырқай қарады. Етін пісіріп, қонақ күтіп отырған. Серік аға-жеңгесімен әңгімесі жараспағанын айтты. Әйелі «Қате істедің-ау. Аға-жеңгең қаталдау болғанымен, өсіп келе жатқан балалары бар ғой. Солардың ішінен ақылды біреуі өзіңді аға тұтса қайтесің? Мына Қуаныш пен Қайратқа да туыс керек емес пе?» дегенде ғана өзінің де қатаңдық танытқанын ұқты. Расында да қазақ «таспен атқанды аспен ат» демеуші ме еді?

–  Серік, алдағы демалыста қолыңның бос болуын қарастыршы, айтатын әңгіме бар, – деді Орынша жұмысқа кетіп бара жатқан күйеуіне.

Содан жексенбі де келіп жетті. Бәрі ортаңғы бөлмеге жиналды. Орынша анасына қарап, «Мама, Серікке Бағила туралы шындықты айтатын кез келген тәрізді» деді. Бағиланың есімі естілгенде Серік селк ете түсті. Онымен байланысы әлдеқашан үзілген. Жайсаң ана да «ия, қызым, айта бер» дегендей басын изеді.

Орынша өзінің бір жылдан бері Бағиламен байланысын үзбегенін айтты. Алты айдан асқан Жігерді де сөз етті. Еңбектеуге талпынатын тәрізді, кешікпей әкесін іздейтіні де кәміл.

– Серік, – деді күйеуіне қарап, – кішкене Жігерді әкесіз атандырмайық. Бағиланы баласымен қалаға алып кел. Пәтер жалдап берейік. Қуаныш пен Қайратқа іні болсын. Екінші жарың бола ма, жоқ па – оны өздерің шешерсіңдер. Бірақ, нәрестені жетім қалдырмайық.

Серік мұндай ұсынысты күтпеген. Бастапқыда абдырап қалды. Содан қызметінен екі-үш күнге сұранып, Бағиланың ауылына тартып кетті. Сұрастырып жүріп үйін де тапты. Бағила алдынан сәбиін көтеріп шықты. Серіктің мойнына асылып, сағыныш жасын төкті. «Міне, сенің папаң» деп нәрестені мұның қолына ұстатты. Көп ұзамай жұмыстан Бағиланың ағасы Бақыт пен жеңгесі Жансұлу келді. Мал сойылып, үлкендердің батасы алынды. Жастар бөлек бас қосты.

Серік келісім бойынша қалада Орынша атты апасы барын айтқан. Соның қамқорлығында болатынын жеткізген. Кешке оңаша қалған екеуі ұзақ сырласты. Жастайынан ата-ананың зарын тартқан жастар енді Жігерді жетім өсірмеуге бекінді. Орыншаның үлкен жүректі адамгершілігіне разылық танытты. Әзірге бұл сыр ешкімге жария болмауы тиіс.

Келесі күн түс ауа Серік қалаға қайтты. Оңтайлы пәтер тауып, көп кешікпей Бағиланы сәбиімен көшіріп әкелмекші. Содан соң Орал жақтағы нағашыларында жүрген қарындасы Қамқаны да қасына алмақшы. Өзін қатты сағынды.

Жайлы көлікпен келе жатып, көзі ілініп кетіпті. Оянғанда ойына өлең жолдары оралды.

Арманым орындалса Орыншаның ойындай,

Ұлдарым да өсіп келеді мойылдай.

Расында да, енді оның үш ұлы бар. Тағдыр біраз тәлкекке салғанымен, арты қайырлы аяқталды. Бәрі – Орыншаның ақылдылығының арқасы. Мұны алыс-жақын түгел    мойындады.

Әліп  КЕНЖЕҒҰЛҰЛЫ,

еңбек  ардагері,

газетіміздің байырғы штаттан тыс тілшісі,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз