Ана мен бала саулығындағы кемшілікке кешіріммен қарауға болмайды

облыстық әкімдікте Жаңалықтар

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі жұмыстар мен ана өлімін болдырмау, бала саулығы, туберкулезбен күрес қызметін оңтайландыру мәселесі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде кеңінен талқыланды.

облыстық әкімдікте

Алғашқы  жарнаны  төледік пе?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева баяндама жасады. Айтуынша, жаңа жүйені облыстағы 38 медициналық мекеменің барлық қызметкерлеріне және халыққа түсіндіру үшін 114 спикер оқытылған, 385781 ересек тұрғын тіркеліп, санаты анықталған. Шілде айындағы жарнаны тұрғындар түгелдей биылғы жылдың 25 тамызына дейін төлеп болуы керек. Сәуір айынан бастап есептегенде, емханаларға 16362 азаматтың өзі ерікті түрде келіп тіркелген.

Ананы  сақтай  алмадық

Өңірде қауіпті жүктілік  пен  ана мен бала өлімі көрсеткіші жоғары деңгейде тұр. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 7817 босану болса, өткен жылғы кезеңде 8070 ана баласын қолына алған. Яғни, 263 жағдайға кем. Алаңдататын жайт, соңғы жылы күніне жетпей босанатын аналар саны көбейіп, 492-ні құрап отыр. Ал, экстрагениталдық патологиялар бойынша жүкті әйелдердің арасында көктамырды варикоздың кеңеюі жиі кездеседі.

Мезгілінде босану бойынша да көрсеткіш төмендеп кеткен. Аналардың жүктілік кезінде тексе-рілмейтіндері де артқан. Нақты мәлімет бойынша, елу адам мүлдем тексерілмеген.

Жоспарсыз жүктіліктің салдарынан өткен жылы өңірде бес ана өлімі тіркелсе, биыл 5 шілдеде тағы бір ана өлімі орын алды. Атырау қаласындағы №4 емханада тір- кеуде тұрған егіз сәбиге жүкті бол-ған әйел айы-күні жетіп, облыстық перинаталдық орталыққа келіп түседі. Ота сәтті жасалып шыққаннан кейін шамамен жеті сағаттан соң әйел көз жұмған. Балалары аман.  1992  жылы  туған  ананың өліміне қатысты қазір іс жүргізілуде. Жас ана бұған дейінгі екі баласын да кесір тілігі арқылы босанған.

облыстық әкімдікте2

Тәуіпке жиі  жүгінеді

Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев әйел адамның денсаулығына, сау баланың дүниеге келуіне алаңдаушылық білдіріп, жүктілік кезінде әйел адамдардың емханаларға тіркелмеу себебін, тіркелгендерінің үнемі дәрігердің тексерісіне неге келмейтінін, перзентханалардан тыс жерде босану себептерінің көбеюіне әкеліп отырған негізгі фактоларды саралап сұрады.

Бір ғана себебі, дәрігерден гөрі қазір жұрттың балгер мен емшіге көбірек сенетіні болып отыр.

Мәншүк Құдайбергенқызы мұны растайтын Құлсары қаласында болған оқиғаға тоқталды. «Махамбет ауданында тұратын Нұрмұханова деген жүкті әйел бұрыннан қалқанша безі ауруымен науқастанған. Қазір мерзімінен бұрын босанған. Сәбиі шала туылған соң, жағдайы нашар. Әйел жүктілігіне байланысты бірде-бір емханаға есепке тұрмаған, дәрігерлер іздеп барса, үйінде болмай қашып жүріпті. Ақыры әкімдік болып жұмыла жұмыстанып, қыздың Құрманғазыдағы өз жұртының үйіне іздеп барып, апасымен сөйлескен. Белгілі болғанындай, жүкті әйел Құлсары қаласындағы Құмар деген емшіге барып ем алыпты. Емші еш-қандай дәрі ішпе деп шарт қой-ған. Ол басқа жүкті әйелдерге де бала жатырда дұрыс тұрмаған, оны қолмен бұрып түзеймін деген де әңгімелер айтыпты» дейді М.Аймұрзиева.

Емшіге Атырау қаласынан да, өзге аудандардан да әйелдер ғана емес, ата-аналар балаларын жиі апарады екен. Бас дәрігер лицензиясы жоқ ондай балгер, тәуіпке қаралуға, бес жасқа толғанша сәбиді емдетуге үзілді-кесілді қарсы екенін басып айтты. «Мұндай емшілер әр ауданда бар. Оларға шара қолдану керек» дейді ол.

Жиынға қатысқан құқық қорғау органдарының мамандары емшінің адам өміріне қауіп төндіретіндей іс-әрекеті болса, оның ісі сотқа жіберілетініне тоқталды. Бұған дейін Махамбет ауданында бір тәуіптің емдеймін деп адамды жазым етіп алған фактісі тіркелген. Қазіргі таңда оған арнайы сот бойынша жаза тағайындалған.

облыстық әкімдікте3

Дәрігерге   сенім  аз,  неге?

– Емшілер дәрігерге қарсы жұмыс жасап отыр. Ал, халықтың тәуіпке неге сенетінін білесіздер ме? Өйткені, олар – қарапайым жұрттың сеніміне ие болып алғандар. Ал, ақ халаттылар жұрттың көңілін табуға аса құлшыныс білдірмейді. Егер бір адам дәрігердің жақсы сөзін тыңдап, содан жазылып шықса, қайта қаралуға неге бармасын?! Барады. Оның үстіне, екі күннің бірінде ана мен бала өлімі болып жатса, халық дәрігерлерден мүлдем шошитыны анық. Қазіргі медицина бойынша адамдардың өмір сүру жасы ұлғайды. Бұрындары инфаркт пен инсульт алған адам сол бойда көз жұматын болса, қазір мүмкіндіктің бәрі бар. Науқас ертесіне-ақ жүріп кететіндей жағдай жасау дәрігердің қолынан келеді. Біз осыны жұртшылыққа түсіндіруіміз керек, – деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Құрт  ауруы дендеп  тұр

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Жаңабай Сағиевтің айтуынша, соңғы алты айда туберкулезбен ауырған 217 адам тіркелген. Оның ішінде үш жылдан бері бірде-бір флюорографиялық тексерістен өтпей қашып жүрген Махамбет ауданының тұрғыны да бар. Аурудың жұқпалы түрімен науқастанғандықтан үйіндегі балаларына да жұқ-тырған. Қазір олар ем алуда. Жасөспірімдердің туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейінің жоғары көрсеткіші Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарында байқалып отыр. Ал, балалар арасында Исатай мен Махамбет өңірлерінде тіркелген.

Науқастарға ай сайын әлеуметтік жәрдемақы да төленіп отыр. Алайда, көпшілігі қолына ақша түскен бойда тамақ алудың орнына құдалығына, тойына барады немесе ішімдігіне, темекіге жұмсайтын көрінеді. Басқосуда әлеуметтік жәрдемақыны қаржылай емес, тамақ түрінде немесе жеке қожалықтар арқылы шұбат, қымыз беруге жұмыстану қажеттігі айтылды.

Кеңесте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орынбасары Әлібек  Нәутиевке талқыланған мәселелерді бақылауға алуға тапсырма берді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз