«Алтын сапа» сыйлығы – «Рауан Налкода!»

Алтын сапа сыйлығы – Рауан Налкода Жаңалықтар

Индустрияландыру күні шеңберіндегі жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев  бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сый-сияпатын табыстады. Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорны» аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында – Атырау облысының «Рауан Налко» ЖШС лауреат атанды.

Алтын сапа сыйлығы – Рауан Налкода

Биыл «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша республикалық байқауда «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған атыраулық «Рауан Налко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай өнеркәсібі үшін химиялық реагенттер дайындайтын зауыты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қатарға қосылды.

«Жаңа индустрияландыру – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған маңызды нысан тікелей телекөпір арқылы Елбасына таныстырылып, тұсауы кесілді. Құны 1 млрд. 800 млн. теңгелік жоба толық қуатында жұмыс жасағанда жылына 4700 тонна өнім шығармақ. Әйтсе де,  сұранысқа орай бұл межені екі-үш есе арттыруға мүмкіндік бар. Осында 200-ге жуық маман жұмыспен қамтылды.

Жалпы, мұндай зауыт Қазақстанда алғаш рет салынды. Бұған дейін республикадағы отандық және шетелдік мұнай компаниялары бұрғылау жұмыстарына қажетті химиялық реагенттерді шетелден тасымалдап келсе, енді оны өзімізден алмақшы. Таяу жылдары бұл үлес 50-ден 90 пайызға жетпек. Кәсіпорынның даяр өнімді сақтайтын 6000 тонналық өндірістік базасы бар.

Американдық «Налко» компаниясы Атырау нарығына келіп, шағын қуатымен ісін бастағанда оған жергілікті мамандар да араласқан-ды. Бұған дейін әлемнің 156 мемлекетінде жұмыс жасаған шетелдік инвестор мұнайлы мекенді текке таңдаған жоқ. Мұнда күллі дүние жүзі көз тіккен ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Ғасырдан аса уақыт «қара алтын» өндіріліп келе жатқан аймақтың екінші тынысы ашылуда. Теңіз кенішінде жаңа жоба қолға алынды, Қашаған қатарға қосылды. «Ембілік» мұнайшылар да өндіріс қуатын арттыруды көздеп отыр. Демек, сұраныс бар. Зауыт пайдалануға берілген сәтте-ақ ТШО, «ҚазМұнайГаз», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Лукойл», «Синопек» секілді компаниялармен шарт жасалған.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз